Профессор А.С.Қыдыршаевтың ғылыми мектебі: шешендіктану мен лингвоәдістеменің өзекті мәселелері

Қазіргі білім беру кеңістігінде шешендік өнерді ғылыми тұрғыдан зерделеу, тілдік қатысым мәдениетін қалыптастыру және лингвоәдістемелік зерттеулерді дамыту – өзекті ғылыми-әдістемелік бағыттардың бірі.

Осы бағыттағы маңызды ғылыми ізденістердің бірі – профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаевтың ғылыми мектебі. Ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметі шешендік өнер теориясын дамытуға, қазақ халқының шешендік мұрасын зерделеуге, тіл мәдениеті мен сөз сөйлеу шеберлігін қалыптастырудың әдістемелік негіздерін жетілдіруге бағытталған.

Профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаевтың ғылыми мектебінің басты ерекшелігі – шешендіктану мен лингвоәдістемені өзара сабақтастықта қарастыруы. Бұл бағытта шешендік сөздің табиғаты, құрылымы мен көркемдік ерекшеліктері, сөйлеу мәдениеті, коммуникативтік құзыреттілік, тілдік тұлғаның қалыптасуы және шешендік дағдыларды оқыту мәселелері ғылыми тұрғыдан маңызды орын алады.

Ғылыми мектеп аясында шешендік өнерді оқытудың тиімді жолдары, білім алушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізу дағдыларын қалыптастыру, аудитория алдында еркін сөйлеу мәдениетін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар лингвоәдістемелік зерттеулердің басым бағыттары ретінде қазақ тілін оқытудағы инновациялық технологиялар, тілдік білім мен қатысымдық дағдылардың өзара байланысы, оқыту үдерісіндегі ұлттық құндылықтар сабақтастығы, білім алушылардың функционалдық сауаттылығы мен коммуникативтік құзыреттілігін дамыту мәселелері қарастырылады.

Профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаевтың ғылыми мектебі – ғылыми ізденіс пен педагогикалық тәжірибені ұштастыратын, жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін дамытуға және отандық тіл білімінің қолданбалы бағыттарын жетілдіруге ықпал ететін маңызды ғылыми орта.

Аталған ғылыми бағыттардың маңыздылығы – шешендік өнерді тек сөз саптау шеберлігі ретінде ғана емес, тұлғаның интеллектуалдық, рухани және коммуникативтік әлеуетін дамытудың пәрменді құралы ретінде тануында.

Ғылыми басқосудың негізгі мақсаты – профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаевтың ғылыми мектебінің қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін саралау, шешендіктану мен лингвоәдістеменің қазіргі даму үрдістерін талқылау, ғылыми-практикалық тәжірибені жинақтау және жаңа зерттеу бағыттарын айқындау.

Іс-шара аясында ғалымның ғылыми мұрасы, шешендік өнерді зерттеу мен оқыту мәселелері, қазақ тілін оқытудың заманауи әдістемелері, ғылыми мектептің сабақтастығы және жас ғалымдардың зерттеу жұмыстары талқыланды.

Біздің мекенжай

Қазақстан Республикасы, Орал қ., Н.Назарбаев даңғылы 162,

тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66,  Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.