Ұстаз. Ғылым. Болашақ
Бүгін 30.09.2026 жылы Директорлар кеңесінің шешімімен ҚҰРМАНƏЛИЕВ КƏРІМБЕК АРЫСТАНБЕКҰЛЫ – «Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті» Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Университет ұжымы КӘРІМБЕК АРЫСТАНБЕКҰЛЫН «Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайлануымен шын жүректен құттықтайды.
Университетіміздің білім сапасын арттыруға және стратегиялық дамуына білікті маман ретінде өз үлесін қосатынына сенім білдіре отырып, алдағы кәсіби қызметіне сәттілік және жоғары нәтижелерге бірлесе қол жеткізулеріне тілектестік білдіреді.
К.А. ҚҰРМАНƏЛИЕВ - ғылым жəне жоғары білім саласының көрнекті өкілі.1962 жылы 20 сəуірде Түркістан облысының Бəйдібек ауданында туған.
1986 жылы қазіргі Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар жəне əлем
тілдері университетін және 1991 жылы
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл
институтының аспирантурасын бітірген.Неміс тілі мен қазақ тілінің мұғалімі біліктілігін алған. Сондай-ақ, «Қайнар» университетін де тəмəмдаған, «заңгер» біліктігі берілген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының тіл білімі бойынша толық мүшесі (академигі), филология ғылымдарының докторы, профессор.
Кəрімбек Құрманəлиев еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Л. Гумилев атындағы Ұлттық университетінде, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар жəне əлем тілдері университетінде проректор жəне «Қайнар» университетінде ректор болып қызмет атқарған. Сонымен бірге, Білім жəне ғылым министрлігінің Жоғары білім беру департаментін басқарған.
Қазіргі кезде ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті.
К.Құрманəлиев – жалпы түркі тілдері мəселелері, қазақ тілі мен шетел тілдерінің салыстырмалы грамматикасы, қазақ тіл білімінің дериватология, диалектология, терминология салалары бойынша жарияланған 6 монографиялық еңбектің, жоғары оқу орындарына арналған 4 оқулықтың, 15 оқу- əдістемелік құралдың жəне 200- ден астам ғылыми мақалалардың авторы.
Ғылыми жұртшылық академик Құрманəлиевті ғылыми- педагогикалық қызметті қоғамдық жұмыстармен ұтымды ұштастыра білген қоғам қайраткері ретінде де таниды. 2022 -2026 жылдары Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі болды. ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тілді одан əрі дамыту бойынша Комиссия мүшесі, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тəуелсіз директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы міндетін атқарушы.
Академик Кəрімбек Құрманəлиевтің көп жылғы ғылыми-педагогикалық жəне қоғамдық қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» жəне «Білім саласының Құрметті қызметкері» ведомстволық төсбелгісімен марапатталған.
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қабырғасында «ӘЛЕМ БАЛАЛАР КӨЗІМЕН» атты шығармашылық жұмыстар көрмесі өтуде. Көрмеде есту, сөйлеу, көру және зияткерлік қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері мен жалпы білім беретін мектептердің түзету сыныптары оқушыларының бірегей жұмыстары ұсынылған.
Әрбір сурет – мейірімділікке, жарыққа, үмітке және арманға толы баланың қоршаған әлемге деген шынайы, әсерлі көзқарасы. Денсаулық ерекшеліктеріне қарамастан, жас авторлар шексіз қиялды, еңбекқорлықты және әдемілікке деген ұмтылысты көрсетуде.
Көрменің мақсаты – жұртшылықтың назарын ерекше балалардың шығармашылық әлеуетіне аудару, олардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету және өзін-өзі көрсетуге, өзін-өзі жүзеге асыруға деген ұмтылысын қолдау. Көрме мәдени ғана емес, сонымен қатар терең әлеуметтік сипатқа ие, инклюзияның, мейірімділіктің және әрбір бала үшін тең мүмкіндіктердің маңыздылығын еске салады.
Көрмені ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қоры. Қор жетекшісі – Рада Хайрушева. Көрме университеттің бас корпусында ағымдағы жылдың 16 қазан айына дейін жалғасады. Барлық тілек білдірушілерді, студенттер мен оқытушыларды экспозицияға келіп, жас суретшілерді қолдауға шақырамыз!
2026 жылдың 24 қыркүйек күні Көрнекті ботаник-ғалымдар Есенбай Ағелеуұлы Ағелеуов, Анатолий Захарович Петренко және Гүлшекер Мырзаханқызы Молдашевалардың 90-жылдықтарына арналған «Жайық өзені алабы және іргелес аумақтардың экожүйелері: қазіргі жағдайы және сақтау стратегиялары» атты «Иванов оқулары – 2026» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды. Ғылымға ғұмырын арнаған көрнекті ботаник-ғалымдарды еске алып, Жайық өзені алабы мен іргелес аумақтардың экожүйелерін сақтау жолдарын талқылау үшін жиналды. Конференцияның ғылыми бағыттары: 1.А.З.Петренко мен Е.А. Ағелеуовтың ғылыми мұрасы: жайылма экожүйелерінің биоалуантүрлілігі мен динамикасы. 2.Солтүстік Каспий маңының флорасы мен фаунасы: таксономиялық құрамы, сирек және эндемикалық түрлер. 3.Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды ғылыми зерттеулерде және жаратылыстану пәндерін оқыту әдістемесінде қолдану. Конференция жұмысына Қазақстан, АҚШ, Польша және Ресей Федерациясының ғалымдары, оқытушылары мен зерттеушілері қатысуда. Қазақстандық қатысушылар қатарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (Астана), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (Алматы), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің (Қызылорда) және басқа да білім беру және ғылыми ұйымдардың өкілдері қатынасты. Сонымен қатар, биология ғылымдарының докторы, профессор Есенбай Ағелеуұлының отбасынан: ұлы - Ғалым Есенбайұлы; інісі Қуаныш Сүйеуұлы; қызы – Сұлушаш Есенбайқызы; немересі – Ақмаржан Қуанышқызы және Атырау облысынан Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінен Мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, химия және биология пәні мұғалімі Садыкова Камшат Утепбергеновна мен әріптестер мектеп педагог мұғалімдері: Рамазанова Жанаргул Аманжанқызы, Досмағамбетова Құралай Жексенқызы, Амангосова Айжамал Ержановна, биология ғылымдарының кандидаты Анатолий Захарович Петренконың ұлы Анатолий Анатолиович Петренко, немересі Анастасия Анатолиевна, Гүлшекер Мырзаханқызы Молдашеваның отбасынан немерелері Шукурова Альмира Маркленқызы мен Рахимов Шүкір қатынасты. Онлайн форматта АҚШ-тың Дж. Вашингтон университеті профессоры Тара Скалли, АҚШ-тың Пейс университеті доценті Вэй Фан, РФ-нан Дала институтынан биология ғылымдарының кандидаты Кин Наталья, Польшаның Ұлы Казимир университетінен биология ғылымдарының докторы, профессор Павел Напиорковски мен биология ғылымдарының докторы, профессор Кристиан Оболевски қатынасты. Қазақстандық жоо-нан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен биология ғылымдарының докторы, профессор, Ибадуллаева Салтанат Жарылкасыновна, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Карагойшин Жасхайыр Мухангалиевич, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2 курс докторанты Анатолий Райымбек Қайратұлы және факультеттің ардагер ұстаздары мен жас зерттеушілер қатынасты. Сонымен қатар, 25 қыркүйекте «Орал – Озерное – Брусянное – Орал» бағыты бойынша «Жайық өзенінің орта ағысындағы жайылма және көл экожүйелерінің қазіргі жағдайы»» тақырыбында жылжымалы семинар болады.
Конференцияға қатысушылар төмендегі негізгі тұжырымдарды атап өтті: Солтүстік Каспий өңірінің биоалуантүрлілігінің стратегиялық маңыздылығы. Аталған өңір экологиялық тепе-теңдікті сақтауда, табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуде және орнықты дамудың экологиялық негіздерін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын бірегей табиғи-географиялық аумақ болып табылады. Өңірдің биоалуантүрлілігіне антропогендік және табиғи факторлар әсерінен туындайтын қауіп-қатерлердің күшеюі. Атап айтқанда, шаруашылық қызметтің антропогендік қысымы, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы және басқа да экологиялық факторлар биологиялық алуантүрліліктің жай-күйіне және табиғи экожүйелердің тұрақтылығына елеулі әсер етуде. Солтүстік Каспий өңірінің биоалуантүрлілігін сақтау мәселелерін шешуге бағытталған кешенді тәсілдің қажеттілігі. Бұл ретте ғылыми-зерттеу ұйымдарының, мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық ұйымдардың және бизнес-құрылымдардың күш-жігерін шоғырландыру, ведомствоаралық және сектораралық ынтымақтастықты дамыту ерекше маңызға ие. Өңірлік ғылыми зерттеулерді жаһандық экологиялық үдерістер мен қазіргі заманғы сын-қатерлер контексінде қарастырудың маңыздылығы. Солтүстік Каспий өңіріндегі биоалуантүрліліктің өзгеру заңдылықтарын зерттеу жаһандық экологиялық проблемаларды ғылыми тұрғыдан түсіндірумен және оларды шешудің тиімді тетіктерін әзірлеумен өзара сабақтастықта жүзеге асырылуы тиіс.
Қазақстан Республикасы, Орал қ., Н.Назарбаев даңғылы 162,
тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66,
