"Түлектердің әдістемелік қалыптасуындағы проблемалар мен ұсыныстар" тақырыбы бойынша дөңгелек үстел

    7-ақпан күні информатика кафедрасының ғылыми-әдістемелік семинарының жоспарына сәйкес «Түлектердің әдістемелік қалыптасуындағы проблемалар мен ұсыныстар» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Семинарға Батыс Қазақстан облыстық  дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының  директоры,  информатика пәні мұғалімі Шонбаев Ж.М., осы лицейдің информатика пәні мұғалімдері Мухамбеткалиев О.Ж., Кожахметова Л.А., Ақжайық ауданы, Кеңсуат негізгі орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Айшуакова Б.Қ., Бәйтерек ауданы, Щапова ауылы, Б.Момышұлы атындағы ЖОББМ информатика пәні мұғалімі Дусмагулов А.Н. қонақ ретінде шақырылды. Сонымен қатар семинарға кафедра ПОҚ және информатика БББ-ның 4-курс студенттері қатысты.

    Семинар кафедра түлектерінің  әдістемелік қалыптасу жолында кездескен мәселелерін ортаға салып, оны шешу жолдарын талқылау және өз ұсыныстары бойынша тәжірибе  бөлісу мақсатын көздеді.

    Университетімізді әр жылдарда бітірген түлектер ең алдымен өз еңбек жолдарында кездескен қиындықтар мен жеткен жетістіктері жөнінде  қысқаша әңгімеледі.

    2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсетін мектеп оқушылары ҰБТ-да «Математика+Физика» орнына «Математика+Информатика» комбинациясы бойынша тест тапсыратындығы жөнінде  шешім қабылданған болатын. Сондықтан семинарда осы мәселе кеңінен талқыланды. Республика бойынша информатика пәнінен ҰБТ тестін дайындау және сараптамалау комиссиясы құрамындағы IT лицейдің информатика пәні мұғалімдері тест сцецификациясы мен дайындалған сұрақтардың мазмұны жайында өз ойларымен бөлісті.
    Олар информатика пәнінен 7-11 сыныптарда 4 баспа оқулықтары бойынша 17 оқулықтың болуы оқушыларды ҰБТ-ға дайындаудағы басты қиыншылық екенін атап өтті. Бір сыныпта информатика пәні белгілі бір баспа оқулығы бойынша оқытылса, ҰБТ тапсырмасы басқа баспа оқулығынан құрастырылуы мүмкін, сондықтан да оқушыны тестке дайындағанда барлық баспаның оқулықтарын қолдану және компьютерлік бағдарламалардың түрлі нұсқасын ескеру қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері 4-курс студенттеріне өткізілетін Ұлттық біліктілік тестілеу  жайында да мағлұмат беріп, семинарға қатысушы студенттерге өз кеңестерін берді.

    Семинарға қатысушы түлектер университет ПОҚ мен мектеп мұғалімдері арасында тығыз байланыс болуы қажет екенін, ол үшін осындай семинарлар мен дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылып тұрса деген өз тілектерін жеткізді. Олар ЖОО мен мектеп арасында дуалды оқытуды ұйымдастыру және информатика БББ бойынша білім алатын студенттерге «Бастауышта информатиканы оқыту әдістемесі» пәнін оқытуды жоспарлау жайында өз ұсыныстарын айтты. Түлектер  өз еңбек жолдарыңда жеткен жетістіктерінің университет оқытушыларының берген білімдері мен өздерінің тынымсыз еңбектері нәтижесі екенін айта келіп, кафедра оқытушыларына алғыстарын білдірді.

     

    Кафедраның ҒӘС-ның жетекшісі:  Ғ.Г. Мухамбетова

     

    Наш адрес

    Республика Казахстан, г.Уральск, пр. Н.Назарбаева 162,

    тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66, Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

    Будь на связи