Ұлы ғұламаға 1150 жыл

    Ұлы ғұламаға 1150 жыл

    Әл-Фараби 1150  Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактаттар жазған. Өкінішке қарай, осынау ұшан-теңіз рухани туындылардың көбісі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен. Азияның ұлы ғалымдары мен ойшылдары Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Беруни, Бозжани, Омар Хаям және т.б. өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Әбу Әли ибн Сина: «Бұрын еш түсіне алмай жүрген грек метафизикасын толығымен осы әл-Фарабидің кітабын оқып түсіндім»  деген екен.Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз 870 жылы сол кезде дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі болған Отырарда дүниеге келді. Әл-Фарабидің ілім-білімге деген алғашқы ынтасы, ғылыми ойының алғашқы ұшқындары туған жері Отырарда, оның тамаша кітапханасында пайда болды. Кейіннен ол Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Бағдат, Дамшық (Дамаск), Каир қалаларына барып білімін тереңдете түсті. 950 жылы Дамшық қаласында дүниеден озды.Әл-Фараби «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Сондықтан да халық оны «Шығыстың Аристотелі» атап кеткен. Ол ежелгі заман ойшылдары Аристотель, Платон, Гален шығармаларына терең талдаулар, түсініктемелер жазды. Әл-Фараби сонымен бірге әлеуметтік-қоғамдық және этика саласына да қалам тербеген. Мысалы, «Бақытқа жету жайында» деген еңбегінде «оның бірден-бір жолы – ғылымды, білімді игеруде» деп насихат айтады. Ал «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаттарында бір­қатар қоғамдық, әлеуметтік, этикалық мәсе­лелерге талдау жасалынды. Мұндағы қала деп отырғаны – мемлекет. Бабамыздың бұл шығармасындағы мемлекеттің пайда болуы, ондағы теңсіздіктің өмірге келуі, идеал­ қала халқының моральдық бейнесі, қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әр адамның бақытқа жету үшін бүкіл қоғам болып тіршілік ету керектігі туралы айтылған пайым-пікірлері бүгінгі күнге дейін өзекті. Ал ғұлама әдебиет теориясына арнаған «Өлең кітабы» атты еңбегінде өлең жазу ісіне қойылатын шарттарға тоқтала келе, ішкі терең мағынаға сыртқы пішін, яғни сұлу ұйқас үндесіп келгенде ғана әсем жыр туындайтынын айтады. Әл-Фараби мұраларын зерттеуге елі­міздің атақты ғалымдары Ә.Марғұлан, А.Көбесов, Р.Бердібай, А.Қасымжанов, Ә.Дербі­сәлі, тағы басқалар да ат салыс­ты. 1975 жылы Мәскеу қаласында белгі­лі шығыстанушы ғалым Б.Г.Ғафуров пен А.Х.Қасымжановтың орыс тілінде шық­қан «Әл-Фараби мəдениет тарихында» («Аль-Фараби в истории культуры») атты кітабы араб-мұсылман философиясы мен мәдениетін зерделеп, фарабитанумен шұғылданушы ғалымдар арасында үлкен серпіліс тудырды. Сондай-ақ белгілі жазушы қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романын қазақ оқырмандары үлкен ықыласпен қарсы алды.Әлем мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған Фараби мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ғылым игілігіне, ұлт мүддесіне жаратуда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жасалған «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде әл-Фарабидің он томдық еңбектерінің жарыққа шығуы үлкен маңызға ие болды. 1991 жылы Қазақ Ұлттық университетіне Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілді. Ал 1993 жылы осы университетте әл-Фара­би ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Соңғы жылдары университетте әл-Фараби оқулары өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда бас оқу ордамызда арнайы ашылған әл-Фараби мұражайы жұмыс істейді. 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен әл-Фа­ра­бидің 1130 жылдығы халықаралық деңгейде Шымкент қаласында аталып өтті. Әкім бекіткен арнайы сыйлық пен Әбу Насыр әл-Фараби атындағы сыйлықтың №1 куәлігі артына мол мирас, өшпес іс қалдырған әл-Машаниға берілді. Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған республикалық дәрежедегі ғылыми конференциялар әр бес жыл сайын бабамыздың туған жері Отырар ауданында өтіп тұрады. Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында ашылған «Даңқты бабалар кешенінде» Әбу Насыр әл-Фарабидің еңселі ескерткіші бой көтерген. Ауданда Әбу Насыр әл-Фараби атындағы руханият мұражайы жұмыс істейді. 2017 жылы сол кездегі Отырар ауданының әкімі А.Құртаев, шығыстанушы  ғалым Ә.Дербісәлі бастаған делегация Дамаск-Дамшық қаласындағы әл-Фараби бабамыздың зиратына туған жері Отырардың топырағын апарып, зираттан алған топырақты Отырардағы Арыстанбаб кесенесінің жанына әкеліп қойды. Бүгінде бұл жер зиярат етушілер көп тоқтайтын киелі орынға айналды. 2007 жылы республика үкіметінің шешімімен Дамаск қаласында әл-Фараби бабамыздың басына кесене салуға қаржы бөлініп, құрылысы басталған болатын. Алайда Сириядағы соңғы жылдардағы ахуалға байланысты құрылыс тоқтап қалды.2020 жылы ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған, атақты жерлесіміз Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толады. Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілуі,  бабамыздың асыл мұраларын дүние жүзі кітапханаларынан жинақтап, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылуы, Астана, Алматы, Шымкент, Түр­кістан сынды қалаларда ескерткіштер орнатылуы, көше, мектеп, ауыл, аудан, қала аттарының берілуі, көп сериялы көркем фильм түсірілуі, әл-Фараби мұраларын зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашылуы сияқты іс-шаралар қамтылуы тиіс деп ойлаймын.

                                                                                                                                        Сабина КУАНДИХОВА,  Истр – 41 тобының студенті

     

    Наш адрес

    Республика Казахстан, г.Уральск, пр. Н.Назарбаева 162,

    тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66, Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript.

    Будь на связи