Ұлы даланың рухани ұстазынан үлгі алсақ, ұтылмаймыз – Абат Қыдыршаев

    ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР Көкшетау мектептеріне Абай мен Әл-Фараби есімдері берілетін болды Оның айтуынша, ғұлама ғалымның 870 жылы Ұлы даланың қазіргі Отырар қаласында дүниеге келгені белгілі.

    «Адамзаттың екінші ұстазы», «Шығыстың Аристотелі» атанған энциклопедист ғалым, Ислам пәлсапасының алып қайраткерінің толық тегі, аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки. Ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби һижра жыл санауы бойынша 329 жылы Дамаскіде қайтыс болып, сол жерде жерленген, кесенесі де сол жерде. Кемеңгер ұстаздың туған жері, балалық шағы, есімі, өмірден озуы өз алдына бөлек әңгіме.

    -Бүгінде бізді «көп ойласаң, дана боларсың» қағидасына сай, Әбу Насыр әл-Фараби ойшылдығы, ғұламалығы таңғалтпай қоймайды. Тұңғиық терең білімқорлыққа қалай қол жетпек. Туа біткен таланттылық па. Дау жоқ, жаратылысы бөлек тұлға. Ақиқаты – Әбу Насыр әл-Фарабидің тұңғиық ғұламалығы, теңіздей терең білімпаздығы білуге, білім-ғылымды игеру, меңгеру құмарлығының ағыл-тегілділігінде. Ал жаңа ұрпақ бойына осы ізгі құмарлық, игі ынтызарлық қайдан жұғысты болмақ. Ұстаздан, жақсы ұстаз өнегесінен. Ұстазы мықтының ұстамы мықтылығы содан, - дейді ғалым.

    -Абат Сатыбайұлы, ғұлама ғалымды зерттеушілер қалай бағалады?

    -Зерттеушілер әл-Фарабиді өздігінен шарқ ұра іздене жүріп, басын тауға да, тасқа да соға жүріп, аса табандылық танытуымен жетілген ғалым деседі. Мәселен, айтулы тарихшы Ибн Халликанның жазбаларына сүйенсек, әл-Фараби Аристотельдің «Метафизикасын» 40 рет, «Жан туралы» туындысын 100 рет, ал «Риторика» атты трактатын 200 рет оқығаны туралы дерек келтірілген. Неткен табандылық десеңізші! Тіпті, бізге жеткен деректерге үңіле бағдарласақ, ғұлама Әбу Насыр сөз қадірін ерекше жоғары бағалаған, ғалымды ағыл-тегіл, аста-төк байлық емес, уақыт қадірі, адамдық биік парыз терең ойлантқан. Қарапайым да қанағатшыл болған. Қолға алған, бастаған ісін жалғастыруды, тереңдетуді, жазбаларының қалың көпшілікке қолжетімді әрі түсінікті болуын ойлаған. Қысқасы, ғұлама ойшыл қара қарынның тойғанына мәз болмаған, қара басының амандығын ғана ойламаған. Жаратушы Тәңіріне тағзым ете білген. Ғұламаны руханият мәселесі ерекше толғантқан. Нәтижеде әл-Фарабидің ғылыми мол мұрасы бүгінде бүкіл әлемдік ғылым дамуының тарихи іргетасы, бастау көзі ретінде бағаланған. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактатында көрініс тапқан шығармашылық мұрасы ғылым атаулының негізгі бағыттарын дамытуға ерекше ықпал еткен. Ғалым математика, геометрия, физика, метафизика, филология, педагогика, жантану, әдістеме, химия, биология, философия, астрономия, минерология, медицина, логика, әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, дінтану, музыка, астрология, этика және тағы басқа да салаларға өлшеусіз үлес қосқан.

    Елімізде әл-Фараби мұрасын зерттеуді алғашқы болып қолға алған ғалым Ақжан Машани: «Әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласында өшпес із қалдырған», - дей келе: - «Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, үндестіру – халқымыздың мыңжылдық мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз»,- деп түйіндейді.

    Белгілі шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің: «Әбу Насыр әл-Фараби ғылымның пәлсапа, логика сияқты салаларының іргетасын қайта қалаған, әр ғылым саласын жеке пән ретінде игеру жағын көтере отырып, олардың мәнін айқындап, мазмұнын ажыратуға тырысқан. Әуез жайлы да күрделі зерттеулер жүргізген, математика саласында үлкен жаңалықтар ашқан, астрономия жайлы кесек-кесек еңбектер қалдырған, физика ғылымын да тың ойлармен байытқан. Жаратылыстану ғылымының медицина, химия, минералогия секілді аса маңызды салалары бойынша күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған еңбектер жазған. Көне грек оқымыстыларының пікірлеріндегі озық қағидаларды талдаған», - деп ой түюі де бекер болмаса керек.

    -Әбу-Насыр әл-Фараби еңбектерінен біз нені түсінеміз, оны бүгінгі күнмен байланыстыратын не деп ойлайсыз?

    -Дау жоқ, ғалым трактаттарындағы тұңғиық қилы тұжырымдарды түсіну белгілі бір жоғары деңгейді, ішкі дайындық пен сананы қажет етері анық. Асылы, бидің сөзін құл да айтады, бірақ ауызының дуасы жоқ. Ұлы даланың ұлағатты ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби – дуалы ауыз тұлға. Ойшыл адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетерін баса айтады. Ғалым адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиістілігін болжап, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып білу арқылы жетілеріне арқа сүйейді. Бұл тұжырымды ойға имандай сенесің, себебі Әбу Насырдың өзі де өмір бойы тап осы қағидатты басты кредо етті. Нәтижеде телегей табысқа, кемел парасатқа жетті емес пе. Өкініштісі, тап осы түйінді тезиске екінің бірі мүлдем мән бермейді, бастапқыда тіпті түсінбейді, кештеу ұғынып жатамыз. Адам санасының жаңғыруы нәтижелі жаңалыққа әкелмек. Шын білімді ақиқат, анық білім деп ұққан ғалым білім қуған жанның ойы күнделікті күйбеңнен көп алыста жатарын бағдарлай келе, білімді болуды жаңалық ашуға қабілетті болу тұрғысында пайымдайды. Осы тұста да ойшыл бақыттың мәні парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде, адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында екендігіне акцент береді. Осыдан кейін білімге, білуге ұмтылмай гөр! Өз кеудеңде өзіңе Америка ашқың келсе, өз-өзіңді танығың келсе, түбірімен өзіңді түлеткің келсе, білімге ұмтыл. Өзге жол жоқ. Жетік біліміңнің айқын көрінісі – сенің білігің. Тек білім ғана телегей-теңіз білік қалыптастырмақ. Бірегей білігің – Сіздің күнделікті алуан жағдаяттағы ұтымды сөзіңіз, сізге еселей қуаныш сыйлар күнделікті қисынды да мақсатты мағыналы іс-әрекетіңіз. Адам баласының межелеген айқын мақсаты арқасында тұлға ретінде сомдалуға септесер білік-жүйе молая түспек. Демек, білімің - білігің, сөзің – өзің. Бұл саты ғылым өріне өрлетпек. Ғұламаның айтуынша, ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұшқырлы ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұяламақ. Олай болса, ғылыммен айналысар адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмасқа керек. Тіпті бұл реттегі ғұламаның ғылым үйренуге кіріспекші кісі тәрбиелі, адамгершілігі мол, адал, қулық-сұмдықтан және басқа да ағат мінез-құлықтан аулақ болуы қажеттілігін астын сыза айтуы ойлантпай қоймайды. Демек, бүгінде қаншама қажет болғанымен ғылымға бет бұру, ғылыммен айналысу еріккеннің ермегі емес. Білім-тәжірибе, ғылым-ілім нәтижесі адам бойына орасан ақыл-парасат сыйлайды. Білім-ғылымның құдіреті осында. Ал адамға ғана тән ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсылық пен жаман қылықтың аражігін ашуына бірден-бір жәрдемдесер, бірден-бір көмектесер бірегей құдіретті күш іспетті құбылыс. Демек, әл-Фарабише түйінделер тезис – қоғамдағы барша қиыншылықты жеңетін адамды бақытқа жеткізетін күш – адамның ақыл-ойы, ақыл-парасаты.

    -Шығыс әлемінің рухани ұстазы нені алғы кезекке қояды, неден сақтандырады?

    -Ғұлама адам бойындағы мінез-құлық мінін рухани кеселге балайды. Мінезді жанның айнасы деуі де осыдан болса керек. Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы өзге емес, тек жақсы мінез-құлыққа байланыстылығы тегін емес. Қалай болғанда да мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтары даусыз. Әл-Фарабише ой өрсек, рухы мықты ұстаздың әркез ескерер түпкі мақсаты – шәкірт мінез-құлқындағы жағымсыз мінез, жағымсыз қылықты болдырмау, онда жақсы сипаттардың қалыптасуына мүмкіндік беру.

    Бұл ғаламда әр адамның өз орны барлығын мойындар болсақ, ғұлама ар, адалдық, адамгершілік қасиеттерін алғы кезекке қояды. Ақиқаттың адалдықпен ағзаластығын айта келіп, ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланыстылығын баса көрсетеді, тіпті бұл ретте «өзгенің пікірін иемденіп кетудің надандық һәм ниеті арам адамға лайық іс» екендігіне налиды. Таңғалар тұс, бүгінде көз майыңды ағызып, маңдай теріңді тамызып, ми ашыта, жан қинай, сансыз секундыңды сарп ете терлеп-тепшіп жазған жазбаларыңды екінің бірі мысқал да ойланбастан, еш шімірікпестен селт етпей көшіріп алып, өз аттарынан жариялай саларын көргенде, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің сөзі еске түсері кәміл.

    -Ұлы ғалым тәрбиені де таразылап кеткен ғой?

    -Оған сөз жоқ. Әбу Насыр әл-Фараби - өзіндік шырқау биігіне шыға білген, бір өзі-ақ бір университет бола алған заңғар тұлға. Ғұлама мына әлемді адасудан жартылай құтқарар тек тәрбиелі тұлғалар екендігіне кәміл сенеді, сендіреді. Сәйкесінше, тәрбиелеуді адамның бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнер қуатын дарыту тұрғысында таразылайды. Ұлы педагог: «Тәрбиелеу кезінде халықтар мен қала тұрғындарына білімге негізделген қасиеттерден туатын іс-әрекет жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай іс-әрекетке жігерлендіріледі, осы әрекетті жасау тілегі қоздырылады, осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан-дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді», - деп жазады. Демек, тәрбие – толыққанды тұлға қалыптасуының басы. Бұл ретте әйгілі әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», - деген тұжырымы әлем педагогтарының санасында. Бұл орайда ғұлама әл-Фарабиге сүйене айтар болсақ, тәрбиеге көнбейтін, жөндеуге, түзетуге болмайтын жас болмайды. Тек ретін тауып үйретуден, баулудан жалықпау керек. Жаман қылық – жан ауруы. Бұл ауруды кетіру үшін тән ауруын емдеуші дәрігерге ұқсауымыз керек. Ғалым: «Еңбек етудің өзі – өнер. Еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысын қалыптастырады», - деп жазады. Қысқасы, педагог-ғалым әл-Фараби: «Тәрбиеші – мәңгі нұрдың қызметшісі. Ол – күллі ой мен қимыл іс-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған оттың көзі», - деп түйіндеген. Әбу Насыр әл-Фарабише, адамның тоқымашы не атбегі болып тумайтыны тәрізді, қайырымдылық пен қайырымсыздық та жаратылыстан бойға бітпейді. Егер де адамның тәндік жаратылысы дамуының негізгі көрсеткіші дененің саулығы болса да, адам атаулы кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Десек те, адамның жақсы әрекеттер жасауға да, жаман әрекеттер жасауға да туабітті мүмкіндігі мен қабілет-қарымы жетері даусыз. Тек дұрыс әрекет мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталмақ. Асылы, ең тамаша әрекет - бақытқа қол жеткізетін еркіндік болса керек-ті. Ал еркіндік аясында қол жеткізер бақыт, қуаныш және ләззат сезімдері асқан сұлу, ең әсем және аса көркем дүниелерді қолмен ұстағандай айқын және кемел дүниелер ретінде танып-білу арқылы ғана пайда болып, толық болмысқа ие болмақ. Дұрысы - ізгі де қажетті шаруа атқарған адамның бәсі де жоғары болуы тиіс. Кезекті қарапайым аксиома. Ұлы тұжырымдар қашан да қарапайым болып келмей ме? Бізде солай ма? Өкінішке орай, бізде көбінесе, керісінше. Мәселен, педагог мәртебесі турасында енді-енді қолға алудамыз. Қуанарлығы - бұл бағыттағы істе оңды қозғалыстың барлығы. Жалпы өз ісіңнің білгірі һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу қажет-ақ. Тек қандай әрекет жасап, қандай іс істер болсаңыз да, игілігін көріп, рақатына бөленуді мақсат тұтқан жөн.

    -Енді Әбу Насыр әл-Фарабидің ойшылдығына үңіле кетсек?

    -Бұл ретте таңдай қағарлық бір құбылыс - данышпан кеудесінен өнген сериалды түйіндердің бір-біріне қарама-қайшы келмей, қайта бір-бірін толықтыра, толыстыра байыта түсетіндігі, тұтастана толығумен тәнті ететіндігі. Мәселен, ғұлама адамға тән бір жақсы қасиет өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, одан рухани нәр алу өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алуы дей келе, тән ауырса, жан да ауыратындығы, сұлу саз жан сергітерлігі тұрғысында толғатады. Музыканы рухтың, құмарлық пен ынтызарлықтың, әр алуан көңіл-күйдің ісі, музыканың негізгі міндеті адамның эстетикалық қажетін өтеуі десек, ғалым өнердің теориясын меңгеруді өнерге қатысты мәселелерді ақыл арқылы ұғыну, оның қабілетін игеру тұрғысында дәл болжауы Әбу Насыр ғұламаның өз қағидатына тастай берік, гүлдей нәзік жан болғанын аңғартады. Өнертану тұңғиығына бойлай алу білігі де енді түсінікті. Ол - энциклопедиялық тұрғыда тұңғиық білімді жан. Нәтижеде айналысар болсаң, әр іске де өзге дүниені ұмыта, беріле кіріс, сонда ғана шынайы түйінге қол жетері, шын беріле қызықтаған нәрсе ғана жүрекке жетері айқындығын аңғартады. Не болмаса, ғұламаның ұстаздық, достық хақындағы тұжырым-түйіндері де ақиқат дәлдігімен тамсантпай қоймайды. Ұстаздың мінез-құлық нормасына келгенде «ұстаздық еткен адамның әдісі тым қатаң да болмасын, тым босаң да болмасын. Егер тым қатты, үнемі ызғарлы болса, онда оқушы мұғалімін жек көретін халге жетеді. Егер де өте босаңсытып жіберген кішіпейілдік болса, онда оқушылар жағынан мұғалімді кем санау, берген білімі мен ғылымына селқос қарау қаупі туарын», құдды бір эксперимент жасағандай дәл анықтайды. Сондай-ақ ұстаз тұлғасы хақында төмендегіше түйіндер жасайды: «Ұстаз – қала басшысы сияқты ел жетекшісі, халық қадірлісі. Ұстаз да, қала басшысы да – қай жағынан болса да барша халықтан көш ілгері тұрған сегіз қырлы бір сырлы кісілер». «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Ол мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек». «Нағыз ұстаз – айтқанын екі еткізбейтін, ешкім шағым жасауға батылы бармайтын, білімі телегей теңіздей, ақыл-ой парасатына да, ерік-жігеріне де ешкім тең келе алмайтын адам. Осындай қасиеттері бар ұстаз ғана шәкіртке үлгі-өнеге көрсетеді, ол халықты соңына ертіп, оның мұң-мұқтажын, талап-тілегін орындай алады». «Ұстаз тарапынан мейлінше ынталылық пен табандылық қажет, өйткені бұлар – тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді». «Біздіңше, төрт ғылым саласы (арифметика, геометрия, астрономия, музыка) оқушыларды тәрбиелейді, өте нәзік сезімтал етеді, идеяларын ұшқырлайды, басқа ғылымдарды оқып-үйренуге төте жол салады». «Оқып-үйренуде жаттап алу дұрыс па, әлде түсініп алу дұрыс па? Түсініп алған дұрыс, өйткені барлығын жаттап алу мүмкін емес, оларды белгілі бір байланыстары арқылы ойда топтастыру пайдалы».

    Міне, бүгінгі таңда сіз бен бізге жаңа ұрпақты рухани тұлға тұрғысында баулуда ауадай қажетті, аса керекті келелі тұжырымдарға қалай тамсанбассың! Өмірдің өзінен өрілген ойлы түйіндер. Бір ғажабы, Әбу Насыр әл-Фарабидің қай трактатының қай тарауын оқысаңыз да, ойлантпай қоймас ойлы тұжырымдарға кенелеріңіз даусыз. Мәселен, ғұлама дос хақында ой өруге келгенде, құдды бір ақынға айналғандай күй кешеді. «Өрге жүзген өнегелі ісімен, таңда адал дос өз теңіңнің ішінен» деп, ыссылай қаппай дос атаулыны таңдай біл дей келе, аузы күйген үрлеп ішетініндей «досың дос болғанға шаттан, дұшпанмен дос болудан сақтан», «дұшпаныңнан бір сақтан, жаман достан мың сақтан» дегендей, «жүргендер көп достық атын малданып, қалмағайсың сен де бірде алданып» деп «өзі саққа құдай жақ» сатысында сақтандырады. Бейқамдықтың сәтсіздікке бастар алғышарт боларын баса атайды. Ғұлама қай іске де табандылықтың, төзімділіктің қажеттілігін жоққа шығармайды. Ғалым табандылықты талпыныс тәжі тұрғысында пайымдап, «тіршілікте құрыштай бол төзімді, сан мәрте ел алдаса да өзіңді, тағдырыңды еш уақытта жазғырма, кезде дағы әзәзілдер азғырған» тұрғысында түйіндейді.

    Қысқасы, ғұлама өнер біткеннің бәрі бір адамның құшағына сыймайтынын білсе де, «ғақлия көзбен қарасаң, дүние – ғажап, сен – есік, жаһлы көзбен қарасаң, дүние – қоқыс, сен - меншік» деп өмір бойы шарқ ұра ізденумен өткен. «Көп іздеген көмбе үстінен шығады» дегендей, ғалым ізденгіштігіне шек жоқ. Ғалым өмірінің басты мәні де – тар жол, тайғақ кешулі кезеңдердегі сан тараулы қилы қиындықтарға мойымастан, жүнжіп кетпестен аса сабырлылықпен ізденуінде, ғалам құпияларына бойлауында. Ғұламаның еш уақытта толдым, толыстым, жеттім, жеңдім демеуі де бүгінгі жаңа ұрпаққа тағылым болса керек-ті. Ақырында ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі «даналар талай нысан тапқанымен, тапқан жоқ тектің тегін әлі бірі» деп кейінгіге үміт арта өткен екен. Ендігі міндет сол жоқты іздеуде, ұлы ғалым нұсқаған биіктерге жетуге талпыну болса керек-ті.

    Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/uly-dalanyn-ruhani-ustazynan-ulgi-alsak-utylmaymyz-abat-kydyrshaev_a3622512 

     

    Our address

    Republic of Kazakhstan, Uralsk, N.Nazarbayev ave.162,

    tel/fax: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66, This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

    Stay in touch