2025 жылғы 27 тамыз күні М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Ата Заң – елдігіміздің берік негізі» тақырыбында облыстық алқалы кеңес ұйымдастырылды. Іс-шараны университеттің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мен Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп өткізді.
Кеңестің басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Конституциясының қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызын ашу, оның қағидаттарын кеңінен насихаттау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және жастардың отансүйгіштік рухын күшейту.
Жиынға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, заң саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен студент жастар қатысты.
Кеңес барысында келесі тақырыптар талқыланды:
- «Ассамблея мен Атазаң: бейбіт өмірдің қос тірегі» – Айша Уәлиқызы
Әбешова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары;
- «Конституция: фундамент государства и общества» – Ғалымжан
Сұлташұлы Ищанов, ҚР Прокуратура органдарының Құрметті қызметкері, Қазақстанның Құрметті заңгері, зейнеткер судья, «Ищанов және серіктестер» адвокаттық қоғамының төрағасы, адвокат;
- «Құқықтық мемлекет пен Конституцияның маңызы» – Сабит
Ғабитұлы Қаллиолаев, Орал қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы бойынша Сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары Қанат Ғарифоллаұлы Есқайров Конституцияның ел дамуы мен тұрақтылығындағы ерекше рөліне тоқталып, ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табыс етті. Іс-шара аясында Конституция тарихы мен мәнін айқындайтын тақырыптық көрме ұйымдастырылды.
Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, бірлігіміздің берік діңгегі, келешегіміздің кепілі.