Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «CAMPUS HACK 2025» студенттік хакатоны ұйымдастырылды. Іс-шара AI WEEK аясында өткізіліп, білім беру ортасына цифрлық құзыреттерді дамыту мен инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған ұлттық AI-Sana бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Хакатонның негізгі мақсаты – студенттерді жаңа идеялар әзірлеуге ынталандыру, креативті және сыни ойлау қабілеттерін дамыту, командада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ университет инфрақұрылымын жетілдіруге және студенттік өмір сапасын арттыруға ықпал ететін цифрлық құралдар құру болды. Хакатонның негізгі бағыттары:
- студенттерге арналған цифрлық қосымшалар (сабақ кестесі, электронды бағалар, онлайн-төлем, асхана жүйесі);
- білім беру саласындағы EdTech-шешімдер (чат-боттар, онлайн-тестілер, үлгерім трекері);
- экологиялық бастамалар (қалдықтарды сұрыптау, вело инфрақұрылымды дамыту, энергия үнемдеу жобалары).
Хакатонға үш адамнан құралған студенттік командалар қатысты. Олар белгіленген уақыт ішінде жоба тұжырымдамасын әзірлеп, прототиптерін жасап, сарапшы қазылар алқасына ұсынды. Бағдарлама аясында қатысушылардың танысу сессиясы, идеяларды әзірлеу кезеңдері, психологиялық жаттығу-сессия және финалдық жобаларды қорғау өтті. Хакатон нәтижесінде ұсынылған жобалар AI-Sana бағдарламасы аясындағы білім беру мен жасанды интеллектті енгізудің тиімділігін дәлелдеді. Сонымен қатар студенттердің университет ортасын және күнделікті студенттік өмірді жақсарта алатын практикалық шешімдер ұсынуға дайын екенін көрсетті.