Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті базасында Батыс Қазақстан облысының кадрлық қажеттілігінің өңірлік картасын әзірлеуге бағытталған форсайт-сессия өтуде. Жоба Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Мамандығым – болашағым» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз бейнежолдауында: «Бүгінгі іс-шара – экономикалық даму сапасын және адами капиталдың әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам. Жоғары білім беру жүйесі еңбек нарығының өзгерістеріне сай болуы тиіс. Форсайт-сессияның жұмысы – осы бағыттағы стратегиялық құралдың бірі» - деді. Іс-шарада алғы сөз алған БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Мендығалиев: «Қазіргі заманда еңбек нарығы тез өзгеріп, жаңа кәсіптер мен құзыреттерге деген сұраныс үнемі артып келеді. Осыған байланысты бізге уақыт талабына сай болжам жасап, өңірдің нақты кадрлық қажеттілігін айқындау қажет. Бұл карта білім беру жүйесін еңбек нарығы сұранысымен сәйкестендіруге мүмкіндік береді». Сессияның басты мақсаты – алдағы 7–10 жылда қандай мамандарға сұраныс артатынын анықтап, өңірдің негізгі салалары үшін жаңа буын кәсіби мамандарды даярлау стратегиясын айқындау. Форсайт-сессия мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, білім беру ұйымдары мен сарапшылар қауымдастығының басын қосты. Қатысушылар еңбек нарығындағы үрдістерді талдап, тиімді кадр саясатын қалыптастыруға бағытталған нақты шешімдер әзірлеуде. БҚУ ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев бұл салада білім беру ұйымдарын рөліне тоқталды. «Аймақтың кадрлық қажеттілігін ғылыми болжау және нақты анықтау -университет қауымдастығының, білім беру жүйесінің және еңбек нарығының ортақ міндеті» - дейді Н.Сергалиев.
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде өңірлік кадр қажеттілігінің картасын әзірлеуге арналған форсайт-сессия басталды
- Қаралды: 0





