М.Өтемісов ат. БҚУ ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған «Цифрлық дәуірдегі тәуелсіздік құндылықтары: жаңа буынның көзқарастары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл басқосу – отандық және шетелдік ғалымдардың, тәжірибелі мамандардың, жас зерттеушілердің еркін пікір алмасатын, жаңа идеяларды тоғыстыратын ашық алаңы болды. Бүгінгі ұрпақ үшін Тәуелсіздік – тек тарих беттеріндегі дата емес. Бұл — цифрлық қоғамда өз орнын табу, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды жаңа технологиялық ортада қайта таныту, заманауи әлемде Қазақстанды лайықты таныту миссиясы. Конференция дәл осы бағыттағы ғылыми ойды тереңдетуге мүмкіндік берді. Басқосуда Италия, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Ресей, АҚШ университеттерінен келген ғалымдар Тәуелсіздік идеясының мәдениеттегі, тарихтағы, халықаралық қатынастардағы және цифрлық ортадағы жаңа мазмұнын талқылады. Ғалымдар көк бөрінің мифологиялық мәнінен бастап, қазақ қыздарының ерлік рухына, Қазақстанның сыртқы саясатының жаңа бағыттарына, Түркі ренессансының ғылыми интерпретациясына дейінгі кең ауқымды тақырыптарды қамтыды. Әрбір баяндама – жаңа ой, жаңа көзқарас, жаңа ғылыми пайым. Сонымен қатар біздің университеттің жас зерттеушілері де ерекше белсенділік танытты. «HistHunt» Telegram-бот жобасын таныстырған 4-курс студенттері тарихи білімді заманауи форматта жеткізудің жаңа үлгісін көрсетті. Бұл – цифрлық дәуірге бейімделген жас буынның нақты бастамаларының бірі. Конференцияға қатысушылар талқылаудың жоғары деңгейде өткенін атап, пікірлерін бөлісті. Мемлекет тарихы, ұлттық құндылықтар және цифрлық трансформация арасындағы байланысқа арналған мұндай алаңның маңызы зор екені айтылды. Біз үшін ең құндысы — жас буынның еліміздің Тәуелсіздігін заманауи құралдармен, жаңа ғылыми әдістермен, цифрлық мәдениетпен түсіндіруге және дамытуға деген ұмтылысы.





