Цифрлық құзыреттерді дамыту және білім сапасын арттыру мақсатында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті 2025 жылғы 31 қазаннан бастап университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне халықаралық Coursera білім беру платформасына тегін қолжетімділік ұсынды.
Бағдарламаға қатысушыларға әлемнің жетекші университеттері мен компаниялары әзірлеген 12 000-нан астам онлайн-курс қолжетімді болды. Олардың қатарында Stanford University, Yale University, Google, IBM және білім мен технология саласындағы өзге де беделді ұйымдар бар.
Оқыту кәсіби өсуге және заманауи құзыреттерді дамытуға бағытталған негізгі бағыттар (коллекциялар) бойынша жүзеге асырылды:
- жасанды интеллект;
- білім берудегі болашақ технологиялар;
- білім берудегі инклюзия;
- HR және адами ресурстарды басқару.
Аталған бастама М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың озық халықаралық білім беру тәжірибелерін енгізуге, цифрлық мәдениетті дамытуға және сапалы білім беру кеңістігін қалыптастыруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді. Coursera платформасындағы курстар университет оқытушылары мен қызметкерлері тарапынан жоғары бағаланды.

Өз әсерімен педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, М. Өтемісов атындағы БҚУ оқытушысы Өтегенова Қарлыға Тасқалиевна бөлісті:
«Coursera платформасында қосымша білім алуға мүмкіндік жасағаны үшін университет басшылығына алғысымды білдіремін. Қысқа уақыт ішінде мен цифрлық білім беру ресурстарын қолдануды меңгеріп, түрлі цифрлық платформаларды оқу үдерісіне кіріктіруді үйрендім. Сонымен қатар GenAI-ды оқыту мен кәсіби қызметтегі тиімді көмекші ретінде пайдаланудың маңызын түсініп, өз креативтілігімді дамытуға үлкен серпін алдым».

Педагогика факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ирғалиева Гүлжан Алғазиевна:
«Coursera платформасындағы курстар материалдың жүйелі берілуімен және сапалы білім беру ресурстарына қолжетімділігімен ерекшеленеді. Әсіресе жасанды интеллектіні қолдана отырып, менеджмент пен басқаруға арналған курстардың маңызы зор. Бұл курстар басқару қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланудың тұтас түсінігін қалыптастыруға ықпал етеді. Қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеруге және қазақстандық білімнің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне және М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің басшылығына ризашылығымды білдіремін».
Мукашева З.У.
қашықтан және онлайн оқыту орталығының жетекшісі
