«Ғалымның ғұмырлы белестері» атты дөңгелек үстел өтті

    2026 жылғы 6 қаңтарда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Орал қаласының Құрметті азаматы Сдыков Мұрат Наурызғалиұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Ғалымның ғұмырлы белестері» атты дөңгелек үстел өтті.

    Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты мен Орал қаласы әкімдігінің өкілдері, облыстық әкімшілік құрылымдардың басшылары, университет ректоры Н.Х. Серғалиев, проректорлар, профессор-оқытушылар құрамы, қаланың жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ «Жайық» пресс-орталығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

    Конференц-залдың фойесінде профессор М.Н. Сдыковтың ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, онда ғалымның монографиялары, оқу құралдары мен ғылыми-педагогикалық қызметінің негізгі кезеңдерін айқындайтын жарияланымдары ұсынылды.

    Құттықтау сөзбен М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, профессор К.М. Ахмеденов сөз сөйледі. Дөңгелек үстел барысында университет басшылығының, мемлекеттік органдар өкілдерінің, әріптестері мен шәкірттерінің баяндамалары мен құттықтау сөздері тыңдалды. Мұрат Наурызғалиұлы Сдыковтың Қазақстанның тарихи ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесі, тарих, демография және археология салаларындағы ғылыми зерттеулері, сондай-ақ кең ғылыми резонанс тудырған «Тақсай ханшайымы» («Алтын әйел») атты бірегей археологиялық жаңалығы ерекше атап өтілді.

    Мерейтой иесіне отандық және шетелдік әріптестерінен, оның ішінде бейнеқұттықтаулар форматында да жылы лебіздер жолданды. Іс-шара музыкалық номерлермен, ардагерлер қауымдастығы, қаланың жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ профессордың шәкірттері мен ізбасарларының өнер көрсетулерімен жалғасты.

    Кездесу соңында Мұрат Наурызғалиұлы Сдыков қорытынды сөз сөйлеп, университет басшылығына, әріптестеріне және студенттерге көрсеткен құрметі мен қолдауы үшін алғысын білдірді. Дөңгелек үстел естелік суретке түсумен және қатысушылардың бейресми әңгімесімен аяқталды.

     

    Біздің мекенжай

    Қазақстан Республикасы, Орал қ., Н.Назарбаев даңғылы 162,

    тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66,  Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

    Байланыста болыңыз