Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты — интернет-алаяқтық фактілерінің алдын алу, азаматтарды күмәнді ақша аударымдары мен жалған ұсыныстардан сақтандыру, сондай-ақ жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдарын түсіндіру. Кездесу барысында магистранттар күнделікті өмірде жиі кездесетін интернет-алаяқтық жағдайлары бойынша сұрақтар қойып, банк карталарының деректерін қорғау, жеке ақпараттың қауіпсіздігін сақтау және күмәнді сілтемелерден сақтану жолдары туралы пайдалы мәліметтер алды. Сала мамандары өз кезегінде алаяқтардың қазіргі таңда жиі қолданатын тәсілдері — фишинг, жалған сайттар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Кездесу соңында қатысушыларға интернеттегі қауіпсіздік ережелері бойынша ақпараттық жадынамалар таратылып, мұндай профилактикалық іс-шаралардың қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттырудағы рөлі зор екені айтылды.
Саналы қоғам — қауіпсіз болашақ!





