JECTIVE HUB алаңында жеке бренд және стартап мүмкіндіктеріне арналған кездесу өтті

    Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында университеттің стартап-клубы JECTIVE HUB базасында кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара коммерцияландыру орталығы мен Batys Hub қолдауымен өтті.

    Кездесудің қонағы - nFactorial Club қауымдастығын дамыту бағытының жетекшісі Шұғыла Сағынбекова. Іс-шараның негізгі тақырыбы цифрлық экономика жағдайында кәсіби бәсекеге қабілеттілік пен өзін-өзі дамытудағы маңызды факторлардың бірі ретінде әлеуметтік желілердегі жеке брендті қалыптастыру мәселесіне арналды.

    Спикер өз баяндамасында цифрлық кеңістіктегі жеке репутацияны жүйелі түрде қалыптастырудың маңызын атап өтіп, стартап-индустриядағы тәжірибелік кейстермен бөлісті. Сонымен қатар, жобаларды ілгерілетудегі PR-стратегиялардың рөліне тоқталып, қатысушыларға практикалық ұсынымдар ұсынды. Атап айтқанда, тиімді позициялау, жария имиджді басқару, аудиториямен коммуникация орнату және әлеуметтік платформаларды мансаптық даму құралы ретінде пайдалану тетіктері кеңінен түсіндірілді.

    Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер тарапынан жоғары қызығушылық тудырды. Қатысушылар заманауи мансаптық бағыттар, жеке бастамаларды іске қосу және дамыту ерекшеліктері жөнінде пікір алмасып, салаға қатысты өзекті сұрақтарына жауап алды.

    Іс-шара аясында халықаралық Red Bull Basement бағдарламасы таныстырылды. Бұл бастама инновациялық студенттік идеяларды қолдауға бағытталған жаһандық инкубатор болып табылады. Бағдарлама қатысушыларға менторлық қолдау, жасанды интеллект технологиялары негізінде шешімдер әзірлеу құралдары және халықаралық деңгейде өз жобаларын ұсыну мүмкіндіктерін ұсынады.

    Red Bull Basement бағдарламасының Microsoft және AMD компанияларының қолдауымен жүзеге асырылатыны ерекше атап өтілді. Қатысушылар өз жобаларын халықаралық аренада, соның ішінде Кремний алқабында таныстыруға, сондай-ақ компаниядағы үлесті бермей-ақ 100 000 АҚШ доллары көлеміндегі грантқа үміткер бола алады.

    Аталған кездесу цифрлық мансап, технология және стартап мәдениеті тақырыптарын тоғыстырған мазмұнды диалог алаңына айналып, студенттер үшін кәсіби бағдар мен жаңа мүмкіндіктер көзі болды.

     

    Біздің мекенжай

    Қазақстан Республикасы, Орал қ., Н.Назарбаев даңғылы 162,

    тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66,  Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

    Байланыста болыңыз