Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Жасанды интеллект дәуірінде түлектерді жұмысқа орналастыру: инновациялық шешімдер және кәсіби трансформация» тақырыбында форум өтті. Іс-шара цифрлық экономика жағдайында адами капиталды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған, мемлекеттік органдардың, білім беру мекемелерінің, бизнес құрылымдарының, құқық қорғау органдарының, медиа саласының өкілдері мен түлектер қауымдастығын біріктірген ауқымды диалог алаңына айналды.
Форумның мақсаты – түлектерді қазіргі еңбек нарығына бейімдеудің тиімді тәсілдерін қарастыру, жастардың кәсіби құзыреттерін дамыту, сондай-ақ жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық трансформацияның қарқынды енгізілуі жағдайында жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді іздестіру.
Қатысушыларға арнап Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Н. Х. Серғалиев құттықтау сөз сөйледі. Ол қазіргі еңбек нарығы технологиялық прогрестің әсерінен елеулі өзгерістерге ұшырап жатқанын, бұл мамандарды даярлау тәсілдерін қайта қарауды талап ететінін атап өтті, сонымен қатар университеттер бүгінгі таңда тек білім беріп қана қоймай, сыни тұрғыдан ойлай алатын, креативтілік танытатын және цифрлық технологияларды тиімді қолдана білетін икемді, бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын қалыптастыруда негізгі рөл атқаратынын ерекше айтты.
Форум аясында жұмыспен қамту, білім беру, экономикалық қауіпсіздік және кадрлық әлеуетті дамыту салаларындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша мазмұнды талқылау өтті. Қатысушылар мемлекеттік қызметтің әділетті қоғам қалыптастырудағы және жастарға мүмкіндіктерді кеңейтудегі рөлі туралы баяндамалар жасап, өңірлік кадр саясатының басым бағыттарын және жас мамандарды қолдау қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық экономика жағдайында экономикалық қауіпсіздік пен жауапты кадрлық әлеуетті дамыту, жастардың кәсіби өсуіне мүмкіндік беретін сенімді жұмыс беруші және маңызды платформа ретінде заманауи статистикалық жүйенің рөліне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, түлектердің кәсіби трансформациясын тиімді қамтамасыз ететін цифрлық жұмыспен қамту құралдары мен платформалар ұсынылды.
Қатысушылар қазіргі университеттің басты бағыты – үздіксіз даму мен технологиялық өзгерістер жағдайына бейімделе алатын жаңа буын мамандарын даярлау екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет, университеттер және жұмыс берушілер арасындағы жүйелі өзара іс-қимылдың, сондай-ақ білім беру мен кәсіби үдерістерге заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңыздылығы ерекше аталды.
Өткізілген форум еңбек нарығына қатысушы барлық тараптар арасындағы серіктестікті нығайтудың маңызын растады және цифрлық трансформация жағдайында түлектерді даярлау мен жұмысқа орналастыруды дамытудағы жаңа бағыттарды айқындады.







