2026 жылдың 18 сәуірі мен 13 мамыры аралығында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің базасында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің академиялық артықшылық орталықтарын құру жөніндегі ғылыми бағдарламасы аясында халықаралық герпетологиялық экспедиция ұйымдастырылды.
Экспедицияның негізгі мақсаты - Батыс Қазақстан өңірінің биоалуантүрлілігін зерттеу, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту және нығайту болды. Аталған жобаға БҚУ ғалымдарымен қатар Швейцария, Венгрия, Чехия және Ресей Федерациясынан келген шетелдік зерттеушілер қатысты.
Далалық зерттеу жұмыстары барысында экспедиция мүшелері өңір аумағында 5000 шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтті. Ғылыми зерттеулер табиғи экожүйелерді, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың түрлік алуантүрлілігі мен таралу ерекшеліктерін зерделеуге бағытталды. Нәтижесінде алдағы ғылыми зерттеулер үшін жоғары маңызға ие 40-тан астам ДНҚ үлгісі жиналды.
Экспедиция қорытындысы бойынша университетте профессор-оқытушылар құрамымен кездесу ұйымдастырылып, шетелдік ғалымдар атқарылған жұмыстардың алдын ала нәтижелері мен аналитикалық есебін ұсынды. Сонымен қатар география факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен арнайы кездесу өткізіліп, шетелдік әріптестер университеттің гербарий қорымен және оның ғылыми әлеуетімен танысты.
Кездесу барысында тараптар Батыс Қазақстанның биоалуантүрлілігін зерттеу бағытындағы бірлескен ғылыми бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады. Аталған халықаралық экспедиция университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық зерттеу кеңістігіне ықпалдасуына және өңірдің табиғи мұрасын тереңірек зерттеуге бағытталған маңызды қадам болды. Сонымен қатар бұл жоба түрлі елдердің ғалымдарын біріктіріп, тәжірибе мен ғылыми білім алмасудың тиімді алаңына айналды.



