Студенттердің жеңісі - университет мерейі

    М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде республикалық Студенттік спорт лигасында үздік нәтиже көрсеткен студенттермен университет ректорының салтанатты кездесуі өтті. Кездесу барысында университет басшылығы студенттердің спорт саласындағы жетістіктерін жоғары бағалап, олардың табандылығы мен жеңіске деген ұмтылысын ерекше атап өтті. Өз кезегінде студенттер жарыс барысында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы мақсаттары мен жоспарларын таныстырды.

    Алматы қаласында өткен Республикалық Студенттік спорт лигасында Батыс Қазақстан университетінің студенттері жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, шахмат жарысында Сабина Кішібай І орынға ие болса, Айша Тұрсынова ІІ орынды жеңіп алды. Сонымен қатар Әмір Асылбеков волейболдан «Үздік қорғаушы» атанды. Жарыс жеңімпаздарын дайындап, олардың жоғары нәтиже көрсетуіне үлес қосқан ардагер жаттықтырушы Сатыбалды Шамранұлы Бекбаев университеттің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.

    Кездесу барысында университет ректоры жастардың жетістігі - оқу орнының ғана емес, тұтас өңірдің мерейі екенін атап өтті.

    «Сіздердің әрбір жеңістеріңіз - табанды еңбектің, мақсатқа деген адалдықтың және университет намысын жоғары деңгейде қорғаудың жарқын көрінісі. Біз студенттердің жан-жақты дамуына әрдайым қолдау көрсетеміз. Алдағы уақытта да білім мен спортты қатар алып жүріп, жаңа белестерді бағындыра беретіндеріңізге сенімдімін», - деді ректор.

    Кездесу соңында студенттердің спорттық бастамаларын қолдау және олардың кәсіби әрі тұлғалық дамуына жағдай жасау университеттің басым бағыттарының бірі екені атап өтілді. Мұндай кездесулер жастардың жаңа жетістіктерге ұмтылуына серпін беріп, олардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік жасайды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жеңімпаз студенттерді шын жүректен құттықтап, алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейді.

     

    Біздің мекенжай

    Қазақстан Республикасы, Орал қ., Н.Назарбаев даңғылы 162,

    тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66,  Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

    Байланыста болыңыз