М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы - ректор Нұрлан Серғалиев Ресей ғылым академиясының Зоологиялық институтының ғалымдарымен кездесті. Делегацияны институт директорының орынбасары, палеонтолог-ғалым И.Г. Данилов (Санкт-Петербург қаласы) басқарды.
Кездесудің негізгі мақсаты - 2026 жылғы 12 мамыр мен 4 маусым аралығында Батыс Қазақстан аумағында жүргізілген бірлескен далалық палеонтологиялық зерттеулердің алдын ала қорытындыларын талқылау және алынған ғылыми материалдарды одан әрі өңдеу мәселелерін қарастыру болды.
Экспедиция «Орал өңірінің экологиялық, әлеуметтік-демографиялық, экономикалық-географиялық және палеобиогеографиялық аспектілерін зерттеу және оның табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау» ғылыми бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Зерттеу жұмыстары барысында палеоген дәуіріне жататын кен орындарынан омыртқалы жануарлардың қазба қалдықтарын іздестіру және жинақтау жұмыстары жүргізілді.
Кездесу достық әрі іскерлік жағдайда өтіп, тараптар бірлескен ғылыми зерттеулерді жалғастыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және болашақтағы перспективалы жобаларды жүзеге асыру бағыттарын талқылады.

