М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Жошы ұлысының тарихындағы Жайық пен Каспий өңірі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ғылыми кездесуде Батыс Қазақстандағы Алтын Орда дәуірінің археологиялық нысандары, Жайық өңірінің тарихи сабақтастығы және Жошы ұлысының рухани мұрасы талқыланды.
Іс-шара барысында Алтын Орданың Еуразия өркениетіндегі орны, Батыс Қазақстан аумағындағы тарихи-археологиялық ескерткіштердің маңызы және өңірдің тарихи дамуына қатысты ғылыми тұжырымдар ұсынылды.
Жайық бойы – тарихтың әр кезеңінен сыр шертетін маңызды тарихи-мәдени аймақ. Осыған байланысты дөңгелек үстелде өңірдің тарихи сабақтастығына, сондай-ақ сақталған жазба және археологиялық деректердің ғылыми маңызына ерекше назар аударылды.
Алғашқы баяндаманы тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ғылым академиясының құрметті академигі Мұрат Сыдықов жасады. Ол «Жайық – Шағаншық – Яйцкий городок: от Золотой Орды до Қазақ хандығы» тақырыбында баяндама жасап, Жайық өңірінің тарихи сабақтастығы мен тарихи нысандарының маңызына тоқталды.
Профессор, филология ғылымдарының докторы Сабыр Мұрат «Жошы ұлысы тарихы – тіл тарихы» тақырыбында баяндама жасап, тілдік деректердің тарихи зерттеулердегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, белгілі бір тарихи кезеңдерді зерделеуде жазба мұралармен қатар тілде сақталған деректердің де ғылыми маңызы зор.
Қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев «Жошы ұлысы жазба ескерткіштері – қазақ халқының рухани-мәдени мұрасы» тақырыбында сөз сөйледі.
Баяндамашы Жошы ұлысының жазба мұраларын тарихи дерек ретінде ғана емес, қазақ халқының рухани-мәдени қалыптасу үдерістерін зерделеуге мүмкіндік беретін құнды мұра ретінде қарастырудың маңызын атап өтті.
Тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Жайық (Теке, Орал) қалашығының құрылуы хақында» тақырыбында баяндама жасап, Жайық қалашығының қалыптасу тарихына қатысты ғылыми тұжырымдарын таныстырды.
Тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР тарихы кафедрасының аға оқытушысы Есқайрат Хайдаров Жошы әулетінің кейінгі тарихи тағдыры мен ХХ ғасырдағы саяси өзгерістердің салдарына тоқталды.
Дөңгелек үстелдің қорытынды баяндамасын ҚР тарихы кафедрасының аға оқытушысы, PhD Дарын Сагидуллаев жасады. Оның «Жошы ұлысының тарихи географиясының дереккөзі ретінде Батыс Қазақстан облысының Алтын Орда ескерткіштері» тақырыбындағы баяндамасы өңірдің археологиялық мұрасына арналды.
Ғылыми жоба аясында жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары барысында Алтын Орда дәуіріне жататын бірқатар жаңа археологиялық нысан анықталған. Олардың қатарында күйдірілген кірпіш қалдықтары сақталған ірі жерлеу кешендері, қираған саман құрылыстардан тұратын қорған тәрізді құрылымдар, әлсіз байқалатын үйінділер тізбегі және ондаған жерлеу нысанын қамтитын кешендер бар.
Сонымен қатар Алтын Орда кезеңіндегі шаруашылық және қоныстану жүйесін сипаттайтын нысандар да тіркелген. Олардың қатарында сол дәуірге тән керамика шоғырланған орындар, қыш күйдіретін пештердің қалдықтары, құм басқан қоныстар, суару жүйелерінің элементтері, сондай-ақ егіншілік пен су пайдаланудың дамығанын көрсететін учаскелер бар.
Зерттеу нәтижелері Батыс Қазақстан аумағындағы Жошы ұлысы кезеңінің тарихи-географиялық және шаруашылық үдерістерін тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар Жошы ұлысының тарихын тарих, археология, филология және мәдениеттану бағыттарын өзара сабақтастыра отырып кешенді зерттеудің маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан аумағындағы Алтын Орда дәуірінің тарихи-мәдени мұрасын жүйелі зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау қажеттігі айтылды.
Дөңгелек үстел Жайық пен Каспий өңірінің Жошы ұлысы тарихындағы орнын жаңа ғылыми деректер мен зерттеу нәтижелері негізінде зерделеуге мүмкіндік берген мазмұнды пікірталас алаңына айналды.
