Бүгін 30.09.2026 жылы Директорлар кеңесінің шешімімен ҚҰРМАНƏЛИЕВ КƏРІМБЕК АРЫСТАНБЕКҰЛЫ – «Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті» Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Университет ұжымы КӘРІМБЕК АРЫСТАНБЕКҰЛЫН «Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайлануымен шын жүректен құттықтайды.
Университетіміздің білім сапасын арттыруға және стратегиялық дамуына білікті маман ретінде өз үлесін қосатынына сенім білдіре отырып, алдағы кәсіби қызметіне сәттілік және жоғары нәтижелерге бірлесе қол жеткізулеріне тілектестік білдіреді.
К.А. ҚҰРМАНƏЛИЕВ - ғылым жəне жоғары білім саласының көрнекті өкілі.1962 жылы 20 сəуірде Түркістан облысының Бəйдібек ауданында туған.
1986 жылы қазіргі Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар жəне əлем
тілдері университетін және 1991 жылы
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл
институтының аспирантурасын бітірген.Неміс тілі мен қазақ тілінің мұғалімі біліктілігін алған. Сондай-ақ, «Қайнар» университетін де тəмəмдаған, «заңгер» біліктігі берілген.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының тіл білімі бойынша толық мүшесі (академигі), филология ғылымдарының докторы, профессор.
Кəрімбек Құрманəлиев еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Л. Гумилев атындағы Ұлттық университетінде, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар жəне əлем тілдері университетінде проректор жəне «Қайнар» университетінде ректор болып қызмет атқарған. Сонымен бірге, Білім жəне ғылым министрлігінің Жоғары білім беру департаментін басқарған.
Қазіргі кезде ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті.
К.Құрманəлиев – жалпы түркі тілдері мəселелері, қазақ тілі мен шетел тілдерінің салыстырмалы грамматикасы, қазақ тіл білімінің дериватология, диалектология, терминология салалары бойынша жарияланған 6 монографиялық еңбектің, жоғары оқу орындарына арналған 4 оқулықтың, 15 оқу- əдістемелік құралдың жəне 200- ден астам ғылыми мақалалардың авторы.
Ғылыми жұртшылық академик Құрманəлиевті ғылыми- педагогикалық қызметті қоғамдық жұмыстармен ұтымды ұштастыра білген қоғам қайраткері ретінде де таниды. 2022 -2026 жылдары Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі болды. ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тілді одан əрі дамыту бойынша Комиссия мүшесі, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тəуелсіз директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы міндетін атқарушы.
Академик Кəрімбек Құрманəлиевтің көп жылғы ғылыми-педагогикалық жəне қоғамдық қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» жəне «Білім саласының Құрметті қызметкері» ведомстволық төсбелгісімен марапатталған.
