М.Өтемісов атындағы БҚУ жаратылыстану-география факультетінің ғалымдары «Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер» басты бағыты бойынша 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалардың гранттық қаржыландыру конкурсына «Батыс Қазақстан су қоймаларындағы гидробионттар мен микробиомалардың жағдайын бағалау және олардың өзгеру болжамы» тақырыбында өтінімін беріп, ҰҒК қарау нәтижелері бойынша жалпы соммасы 56,5 млн. теңгені құрайтын жоба қаржыландырылатыны жөнінде шешім шығарылды. 27 ай ішінде б.ғ.к., қауымдастырылған профессор Н.Х. Серғалиевтің ғылыми жетекшілігімен, биолог және географ ғалымдар Батыс Қазақстанның гидробионттары мен су қоймаларының микробиомасының қазіргі жай-күйіне зерттеу жүргізетін болады. Биологиялық бағыттағы ғылыми мектепті дамыту шеңберінде жобаны іске асыруға университет қаражаты есебінен Қазан федералдық университетінің аспирантурасында оқитын жас ғалымдар А.Е. Сарманов, Е.С. Сұлтанов қатынасады. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді жүргізуге университеттің магистранттары мен студенттері тартылатын болады.