М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде 1000-ға жуық студенттер мен оқытушылар бір уақытта жалпыұлттық патриоттық диктант жазды.
Мамыр айындағы мерекелер мен Жеңіс күні қарсаңында «Еркін ел ұрпағы» атты жалпыұлттық патриоттық диктант өтті. Махамбет университетінің 6 факультетінің 846 студенті, 135 профессор-оқытушылар құрамы 14 аудиторияда диктант жазды. 141 сөзден тұратын мәтінді қазақ тілді білім алушылардан бөлек, өзге ұлт өкілдері де айна қатесіз жазуға талпынды. Шараны Ақпарат және қоғамдық даму, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырған. Мақсаты — ел егемендігі мен Тәуелсіздігін дәріптеу, ұлттық құндылықтар мен қасиеттерді бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау және сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру. Диктант республика бойынша 4 мамырда сағат 11.00-де өткізілді. Аталмыш патриоттық шараға өңір тұрғындарының шамамен 30 пайызы қамтылған. «Диктант бағаланбайды» дейді, ұйымдастырушылар.