Батыс Қазақстан университеті, физика математика факультетінің Информатика және IT мамандарын даярлау БББ-ның МИ-23 тобының 2 курс магистранты Қырықбаев Нұрболдың ұйымдастыруымен 125 Highschool мектебінің робототехника командасы студенттер мен оқытушыларға арналаған робототехника бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Робототехника саласының тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас инженерлер мен ғалымдарды шабыттандыратын “FirstLegoLeague” Халықаралық олимпиадасын ұсынды.
Шеберлік сыныптың басты мақсаты студенттерге робототехника ұсынатын мүмкіндіктер туралы айтып, оларды осындай олимпиадалар мен жарыстарға қатысуға шабыттандыру болды. Халықаралық аренада табысқа жету үшін дизайн, бағдарламалау және командалық жұмыс дағдыларының қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Іс-шара аясында студенттер инженерлік дағдыларды дамытып қана қоймай, сыни ойлау мен шығармашылықты жақсартуға көмектесетін “First Lego League” олимпиадасының ережелері мен кезеңдері туралы білді. Қатысушылар жобалардың көрсетілімін көре алды, сонымен қатар қарапайым робот алгоритмдерін бағдарламалауда өз күштерін сынап көрді.
Батыс Қазақстан университетінің студенттері робототехникада өз жолын қалай бастау және халықаралық жарыстарға қалай қатысу керектігі туралы көптеген сұрақтар қойды.