«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жаңа бастама
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде жаңа "ЭкоЖайық" экологиялық клубы құрылды. Бұл маңызды оқиға экологиялық клубтардың желісін құруға бағытталған республикалық бастаманың бір бөлігі болып табылады, оның мақсаты — студенттік жобаларды қолдау арқылы оқу орындарында және олардың сыртында да экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал ету.
«ЭкоЖайық» клубының жұмысы сондай-ақ еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған "Таза Қазақстан" ұлттық акциясы аясында жүзеге асырылуда.
«Экологиялық клубтар студенттер арасында экологиялық сананы қалыптастыруда, табиғатты қорғауға жауапкершілікті сезінуге тәрбиелеуде, қоршаған ортаны қорғауға ынталандыруда және экологиялық сауаттылық деңгейін арттыруда маңызды рөл атқарады», — деп хабарлайды клуб бастамашылары.
Клубтың негізгі мақсаты — студенттер арасында табиғатқа деген қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыру. Алғашқы қадам ретінде клуб «Таза Қазақстан» республикалық акциясын жүзеге асыру аясында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша әлеуметтік жобаны бастады. Жоба қалдықтарды жинау ғана емес, оларды қайта өңдеуге жіберу үшін сұрыптауды қамтиды, бұл табиғи ресурстарды үнемдеуге және өңірдегі экологиялық тазалықты сақтауға ықпал етеді.
Клубтың алғашқы отырысында студенттер арасында қалдықтарды дұрыс сұрыптаудың маңыздылығын түсіндіретін ақпараттық жұмыстар жүргізілді.
«Әрбір студент қалдықтарды сұрыптау және экологиялық тұрғыдан дұрыс өмір сүру қағидаттарына сүйене отырып, Қазақстанның ғана емес, әлемнің болашағына маңызды үлес қоса алады. Таза және жасыл Қазақстанды құру үшін әрқайсымыздың бірлескен күш-жігеріміз қажет», — дейді «ЭкоЖайық» клубының жетекшісі Сабихан Рахым.
«ЭкоЖайық» клубы студенттер арасында экологиялық белсенділікті арттыруды, қоршаған ортаға қамқорлық мәдениетін тұрақты түрде дамыту және еліміздің табиғи байлықтарын сақтауға ықпал ету жоспарларымен жұмысын жалғастырады.