
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Басқарма мүшесі – тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры қызметіне Қанат Әуесбай тағайындалды.
Қанат Әуесбай – филология ғылымдарының кандидаты, педагог, жоғары білім беру, ғылым, медиа және қоғамдық коммуникациялар салаларында мол тәжірибесі бар маман.
2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдаған. 2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.
2013–2014 жылдары «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританиядағы University of East Anglia университетінде ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар экономика және бизнес, құқық бағыттары бойынша жоғары білім алған.
Қ. Ауесбай еңбек жолында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде оқытушы, аға оқытушы және доцент қызметтерін атқарды. Сондай-ақ С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде жастар ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы болды.
Жаңа проректордың кәсіби тәжірибесінде медиа саласының да орны ерекше. Ол «31 арна», «Қазақстан», «Astana» телеарналарында қызмет атқарып, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры, «Elorda Aqparat» медиа-холдингінің директор орынбасары, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының диджитал директоры сияқты лауазымдарда еңбек етті.
Қанат Әуесбай – ғылыми мақалалардың авторы, бірқатар ғылыми және қоғамдық кеңестердің мүшесі. Еңбегі ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен және басқа да марапаттармен атап өтілген.
БҚУ-дағы жаңа қызметінде Қанат Әуесбай университеттің тәрбие және әлеуметтік саясатын жетілдіруге, студент жастардың бастамаларын қолдауға және жастармен тиімді коммуникацияны дамытуға басымдық бермек.
Айта кетейік, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті – еліміздегі көпсалалы мамандар даярлайтын байырғы жоғары оқу орындарының бірі.
