БҚУ-да AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі басталды

    Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған AI-Sana инновациялық білім беру бағдарламасының екінші кезеңі басталды.

    Аталған кезеңде қатысушылар екі айлық оқыту курсынан өтеді. Бағдарлама аясында студенттер ІІ-кәсіпкерлік негіздері мен ІІ-бағдарламалау бағыттарын меңгеріп, заманауи цифрлық экономика талаптарына сай практикалық дағдылар қалыптастырады.

    Алдын ала тестілеу нәтижесі бойынша екінші кезеңге 3269 студент қатысуға мүмкіндік алды. Бұл көрсеткіш жастардың жасанды интеллектке деген қызығушылығының артып келе жатқанын және еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды игеруге деген ұмтылысын айқын көрсетеді.

    Бағдарламаның екінші кезеңіне дайындық аясында 2026 жылғы 21 сәуірде кураторларға арналған оқыту семинары өткізілді. Семинар барысында қатысушыларға Platonus Academy білім беру платформасымен жұмыс істеу бойынша әдістемелік нұсқаулықтар берілді.

    Оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру мақсатында 54 топ құрылды. Әр топқа студенттердің оқу барысын сүйемелдейтін, әдістемелік қолдау көрсететін, прогресті бақылап, кері байланыс қамтамасыз ететін кураторлар бекітілді.

    AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі университеттің жасанды интеллект саласындағы ғылыми және қолданбалы құзыреттерді жүйелі түрде дамыту бағытындағы жұмысының жалғасы болып табылады. Алдағы уақытта бағдарлама DeepTech саласында инновациялық шешімдер әзірлей алатын және оларды экономиканың негізгі секторларына енгізе алатын зерттеу және кәсіпкерлік командаларды қалыптастыруға бағытталған.

     

    Біздің мекенжай

    Қазақстан Республикасы, Орал қ., Н.Назарбаев даңғылы 162,

    тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66,  Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

    Байланыста болыңыз