Абайды тану – қазақты тану

    Абайды тану – қазақты тану

    29.01.Абай 175 Жас пен кәрінің құлақ құрышын қандырар әсем әндері, көңілге түрлі ой салар өлеңдері мен адамзатқа ұстаз болған қара сөздері арқылы бар қазақтың жүрегінен орын алған Абай атамызға арнап «Даналық дариясы – дана Абай» атты әдеби кеш өтті. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың университетішілік Абай клубы ұйымдастырған шарада ұлы ақынның әдеби мұрасы кеңінен зерделенді.Әдеби кеште алғашқы болып сөз тізгінін алған университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Түймеш Малбағарқызы қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абайдың теңіздей терең поэзия арқылы халқына қалдырған өсиетінен жас ұрпақтың алар тәлімі мол екендігін атап өтті. Ал университеттің жас ақындары Абайға арнаған өлең-жырларын оқып, тыңдарманға ерекше әсер қалдырды. Одан әрі қазақтың қара домбырасы шертіліп, күй күмбірледі. Студенттер қос ғашықтың көрінісін сомдап, кешті Абайдың отты жырларымен жалғастырды. Өлеңдерін мәнерлеп оқып, әуезді әндерін нақышына келтіре орындады. Мың бұралған биші қыздар кештің сәнін келтірсе, бала Абайдың, дана Абайдың айтқан даналық сөздері көрермендерді терең ойға батырды. Қонақтардың өз заманының озық туған ақыны Абайды қандай деңгейде білетіндігін анықтау үшін өмірі мен шығармашылығына қатысты мәнді сұрақтар қойылды. Көрермендер Абай өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқып, қойылған сұраққа жарыса жауап беріп, топ жарған қатысушылар ұлы ақынның кітабына ие болды.Кеш соңында  профессор, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев сөз алып,  студенттерді Абайды, оның мол мұрасын оқып, зерделеуге шақырды. Ал клуб жетекшісі, PhD доктор Айдарбек Ахметұлы әдеби кешті түйіндеп, қорытынды сөз сөйледі.

                                                                                                                               Азиза СУЙНШКАЛИЕВА,

                                                                                                                  «Өркен» газеті

     

     

    Біздің мекенжай

    Қазақстан Республикасы, Орал қ., Н.Назарбаев даңғылы 162,

    тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66,  Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

    Байланыста болыңыз