Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы - педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Республикалық «Махамбет» әдеби, мәдени және танымдық журналының бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Автобиография
Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы, 15 қараша 1963 жылы Гурьев (Атырау) облысы, Теңіз (Құрманғазы) ауданы, Киров (Зормата) ауылдық кеңесінің Тайланбай ауылында дүниеге келген. Абат Сатыбайұлы 1981 жылы осы ауданның Котяев селосындағы Н.К.Крупская атындағы орта мектебін бітіріп орта білім аттестатын алған. Осы жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1985 жылы аталған білім ордасын үздік тәмамдаған. 1985 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы К.Маркс атындағы (қазір Әбу Сәрсенбаев атында) орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. 1990 жылы Орал педагогикалық институтына арнайы шақыртумен қызмет орнын ауыстырып, аталған институттың қазақ тілі кафедрасының ассистенті, оқытушысы, «Қазақ тіл білімі», «Қазақ лингводидактикасы», «Қазақ тілі мен әдебиеті және оқыту теориясы» кафедраларының меңгерушісі, филология, қазақ тілі мен әдебиеті, педагогика факультеттерінің деканы болып жұмыс жасаған. 2009-2011 ж.ж. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор, «Кәсіптік білім», «Қазақ және орыс тілдері» кафедраларының меңгерушісі ретінде еңбек еткен. Ал 2011-2018 ж.ж. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика, филология, мәдениет және өнер факультеттерінің деканы, Көптілді білім беруді дамыту, «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталықтарының, «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарған. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап күні бүгінге дейін «Рухани жаңғыру» институтының директоры.
1995 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аспирантурасын бітірген. Ол – елімізде алғаш рет «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын (1995 ж.), тұңғыш рет «Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» (Жоғары оқу орындарының гуманитарлық бөлімдері бойынша) тақырыбында докторлық диссертациясын (2001 ж.) қорғаған. «Жалын» журналында «Ахмет Байтұрсынов – әдістемеші» атты кең көлемдегі ғылыми-әдістемелік мақаласы (Алматы, 1993 ж., №3), «Қазақстан мектебі» журналында (Алматы, 2000 ж., №4, №5, №6) алғашқы рет елімізде шешендіктану (риторика) негіздерін оқытудың қағидаттары, формалары мен әдістері туралы ғылыми-әдістемелік мақалалар топтамасы жарияланған. «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» (Орал, 1998 ж.) «Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» (Алматы, 2000 ж.), «Педагогикалық риторика» (Орал, 2022 ж.) атты монографиялары басылым көрген. Абат Сатыбайұы - республикамызда «Шешендіктану» оқулығын тұңғыш рет жазып, мемлекеттік тіліміздің дамуына және мамандар даярлау ісіне зор үлес қосушы. Бүгінгі таңда «Шешендіктану» оқулығы мол сұранысқа ие болып, оқу құралы үш рет (2004; 2013; 2015) басылым көрген. «Қазақстан Педагогикалық ғылымдары академиясының хабаршысы» (Алматы, 2013 ж., қаңтар-желтоқсан) ғылыми журналында «Білім беру жүйесіндегі шешендік өнер» айдарын ашып, осы жыл бойы ай сайын ғылым саласы бойынша мақалалар топтамасын жариялаған. Республикалық әдеби-көркем, көпшілік «Таң-Шолпан» журналының 2021 жылғы №6-санында (Алматы, қараша-желтоқсан, 150-154-б.б.) «Ғалымның сөзі» айдарымен «Көркем шығарма – рухани жаңғыру көзі» атты проблемалық мақаласы жарық көрген. 2004-2007 ж.ж. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д14.09.04 диссертациялық кеңесінің мүшесі, 2007-2008 ж.ж. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті жанындағы педагогика және психология мамандығы бойынша эксперттік комиссия мүшесі және ғалым хатшысы, 2010 ж. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің жанындағы филология, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.61.27 диссертациялық кеңесінің мүшесі болды. Профессордың ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыты: Қазақ тілін оқыту әдістемесі, шешендіктануды (риторика), шешендік өнерді оқыту теориясы мен практикасы, педагогикалық, техникалық жоғары оқу орындарындағы және орта мектептердегі риторика, оны оқытудың әдістемесі және технологиялары, педагогикалық риторика, тілтану педагогикасы мен психологиясы, әдебиеттану педагогикасы мен психологиясы, этнопедагогика, ахметтану, махамбеттану, фарабитану, абайтану, шешендіктану және қазақ афористикасы проблемалары.
Осы салаларға қатысты 500-ден астам ғылыми еңбектер авторы, соның ішінде 50 мақала ҚР БҒМ БҒСБК ұсынылған ғылыми журналдарда, 7 мақала шетелдік журналдарда, оның ішінде 4 мақала жоғары рейтингті басылымдарға ұсынылған, жалпы көлемі 112 б.т. құрайтын 3 монография, 150 мақала халықаралық конференциялар жинақтарында жарияланған. Ғалым-педагогтың мақалалары РФ, АҚШ, Қытай, Түркия, Бразилия, Чехия және т.б. елдердің басылымдарында, ғылыми жинақтарында жарияланды. Абат Қыдыршаевтың ғылыми жетекшілігімен бір шоғыр шәкірттері мектепке дейінгі тіл ширату мәселесімен, бастауыш, орта, жоғары сыныптардағы шешендік өнерді оқыту, жоғары оқу орындарында риториканы оқыту (педагогикалық білім ордаларында педагогикалық риториканы оқыту, көшбасшы студенттердің сөйлеу мәдениетін, шешен сөйлеу білік-дағдыларын қалыптастыру) проблемаларымен шұғылданып, кең көлемді ғылыми-зерттеу, эксперименттік жұмыстармен айналысуда. Профессор А.С.Қыдыршаевтың ғылыми жетекшілігімен 2 ғылым кандидаты әзірленіп, 30 магистр даярланды. Ол – жалпы көлемі 200 баспа табақ мөлшеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті, филология: қазақ тілі, педагогика және психология т.б. мамандықтарында оқитын студенттер мен магистранттарға және филолог мамандарға, мектеп мұғалімдеріне арналған жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесі ұсынған 50 оқу құралы, 5 электронды оқу құралы, 13 оқу бағдарламасы және 25 оқу-әдістемелік құралдарының авторы. Профессор А.С.Қыдыршаевтың жетекшілігімен 7 авторлық курс даярланды («Ахметтану», «Шешендіктану», «Сөйлеу мәдениетінің негіздері», «Педагогикалық риторика», «Махамбеттану», «Тілдік қатынас мәдениеті», «Шешен сөйлеу мәдениеті»). Аталмыш курстардың бағдарламалары әзірленіп басылым көрді. Барлық курстар бойынша тұрақты түрде шеберлік сағаттары жүйелі өткізіліп, дәрістер курсы әзірленді. Қазіргі таңда профессордың авторлығымен «Рухани жаңғыру: жаңа ұрпақты ұлттық рухани құндылықтарға баулу ісі, айқын мақсат, нақты міндеттер» атты әдістемелік-көмекші құралы жарық көрген.
Абат Сатыбайұлы – педагогика ғылымдарының докторы (2001), профессор (2008), Қазақстан Педагогикалық ғылымдары академиясының академигі (2009), ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғалым мамандарға арналған ғылыми-зерттеу еңбектерге орай берілетін мемлекеттік стипендия иегері (2006-2008 ж.ж.), Ресей Риторикалық қауымдастығының мүшесі (2009), «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының (2007), атағының (2012) иегері, Еуропалық ғылыми-өндірістік палатасы Алтын медалінің және сапа жөніндегі дипломының (Diplomdi Meritо) иегері (Мәскеу, 2013), ҚР Журналистер одағының мүшесі (2015), «Қазақстанның құрметті ұстазы» (2019), «Жоғары оқу орнының үздік педагогы» (мамыр, 2020), «Үздік педагог-зерттеуші (тамыз, 2020) және Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының шешімі (№6 хаттама) бойынша ХІІІ Республикалық тәуелсіз қоғамдық байқаудың жеңімпазы ретінде «Үздік ұстаз» төсбелгілерінің (2021 ж., желтоқсан) иегері. Сондай-ақ, Республикалық «Үш қоңыр» әдебиет, мәдениет және өнер газетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі, «Махамбет» республикалық әдеби-мәдени, танымдық журналының Бас редакторы (Алматы, 2022), республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық «Білім технологиялары» («Образовательные технологии») журналының ақылдастар алқасының мүшесі, 2017 жылы басылым көрген «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиясының редакция алқасының мүшесі, 2020 жылы жарық көрген «Жұбан Молдағалиев» энциклопедиясының Бас редакторы, жоба жетекшісі.
А.С.Қыдыршаев - Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатының (2019 ж., маусым), Алғысының (2019 ж., тамыз), ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатының (2021 ж.) иегері, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының ( 2007 ж.), Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасының (2018 ж.), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің (2012 ж.) иегері, Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері (2022 ж., 14 наурыз), «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгісінің иегері (18 қаңтар, 2023 ж.).
Ауқымды да жемісті ғылыми-педагогикалық қызмет атқарумен қатар Абат Сатыбайұлы еліміздің, аймақтық қоғамдық-мәдени өміріне де белсене қатысуда. ҚР Халықтық-демократиялық «Аманат» партиясының мүшесі, БҚО «Қазақ тілі» қоғамының бюро мүшесі. Университетішілік «Өркен» газеті бетіндегі «Кәсіптік білім» (2009-2010), «Риторика» (2010), «Тағылым», «Салауатты өмір салты» (2011-2012), «Полиглот» (2012-2013), «Шешендік мектебі» (2013-2014), «Патриот» (2014-2016), «Махамбет дауысы» (2013-2016), «Мәдениет және өнер» (2017-2019), «Рухани жаңғыру» (2019-2020), «Журналист» (2016-2022) жаршыларының (газет ішіндегі газет) жауапты редакторы.
Бүгінгі таңда профессор Абат Сатыбайұлы Қыдыршаев – Қазақстандағы оқыту әдістемесін, шешендік өнердің теориясы мен тәжірибесін, жоғары оқу орындарында және орта мектептерде риториканы оқыту әдістемесі мен технологияларын зерттеуге мол үлес қосып жүрген бірден-бір ғалым.