СТУДЕНТТЕРГЕ

    AP08855684 Қазақыландырылған лексикалық жаңалықтардың менталды лексиконда шоғырлануының синергетикасы: пәнаралық модельдеудің әдіснамалық платформасы

    Тақырыптың өзектілігі

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ұлттық құндылықтарды, ең алдымен қазақ тілін қорғауды және сақтауды қамтамасыз ету қажет, себебі тіл – ұлттың тұғыры. Нықтырақ айтқанда, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деп атап көрсетті [1]. Осымен байланысты мемлекеттік және ұлтаралық қатынас тілі ретінде қазақ тілінің дамуы мен қолданылуы біздің еліміздегі ұлттық идеологияның басым бағыттарын жүзеге асыруда ерекше мәнге ие. Тіл стратегиясына осы тұрғыдан қарау, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасауды ескере отырып, ең алдымен қазақ тілтанымының іргелі және қолданбалы проблемаларын жаңаша ғылыми негіздеуді талап етеді. Жаңа ғылыми лингвистикалық парадигманың шеңберінде қазақ тілі лексикалық жүйесінің лексикалық жаңалықтармен (неолексика / неологизм) толығуы мәселелерін қарастыру өзекті болып табылады, лексикалық жаңалықтар – қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларында орын алып отырған трансформацияларға тілдің бейімделуін көрсететін динамикалық үдерістердің нәтижелері.

    Жоба мақсаты – cинергетиканың әдіснамалық платформасын қолдану арқылы қазақыландырылған лексикалық жаңалықтардың менталды лексиконында шоғырлануының пәнаралық моделін жасау және теориялық, эмпирикалық зерттеулерді жүзеге асыру арқылы лексикалық жаңалықтардың әлеуметтік-коммуникативтік кеңістікте қолданылуын одан әрі ұлғайту бойынша ғылыми-қолданбалы ұсыныстар беру.

    Күтілетін нәтижелер

    Жоба нәтижесінде синергетиканың әдіснамалық платформасын қолдану арқылы ЛЖ-ның менталды лексикондағы шоғырлануының пәнаралық моделі жасалады, ол ғылыми мақалалар (1 мақала Scopus базасында индекстелетін, 1-ші не 2-ші не 3-ші квартильдерге кіретін және (немесе) CiteScore бойынша кем дегенде 35 процентиль көрсеткіші бар рецензияланатын ғылыми басылымда; 6 мақала шетелдік нөлдік емес импакт факторлы басылымдарда немесе БҒСҚК ұсынған журналдарда; 1 мақала шетелдік ғылыми-практикалық конференция материалдарында) ғылыми монография және сөздік түрінде ұсынылады.

    Қол жеткізілген нәтижелер

    Жоспарға сәйкес синергетиканың әдіснамалық платформасында менталды лексикондағы қазақыландырылған лексикалық жаңалықтардың (әрі қарай – ЛЖ) шоғырлануын пәнаралық модельдеудің теориялық базасын ұсыну бойынша жұмыстар аяқталды. Алынған нәтижелерге сәйкес, лексикология аспектілерінде, сондай-ақ қазақ тіл мәдениеті және әдеби норма мәселелері бойынша қарастырылған. Мемлекеттік тілдің соңғы ширек ғасыр бойында дамуы мен қолданысы қазақ тілінің ішкі әлеуетін қарқынды пайдаланумен сипатталады, осының нәтижесінде, әсіресе жазба коммуникацияда көптеген ЛЖ пайда болды. Алайда: а) лексикалық және семантикалық ауқымдағы мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайту талаптарын жүзеге асыру мен ЛЖ-ның әртүрлі әлеуметтік топтардың ресми-іскери, әлеуметтік-мәдени коммуникативтік актісінде әртүрлі деңгейде қолданылуы арасында; ә) тілдің өміршеңдігін, жоғары тіл мәдениетін сақтауға ұмылыс пен әртүрлі коммуникативтік жағдаяттарда өзге тілдік элементтерді еркін қолдану арасында; б) ЛЖ-ның кодификациялану және нормалану үдерістерін ғылыми негіздеудің жеткіліксіздігі мен қоғамның кейбір топтары тарапынан қазақыландырылған сөздердің лингвистикалық, әлеуметтік-саяси маңызын субъективті бағалауы арасында бірқатар қарама-қайшылықтар байқалады.

    Тұтастай алғанда, дамудың синхронды кезеңінде қазақ тілінің лексикалық құрамында бар қарқынды өзгерістерге синергетиканың әдіснамалық платформасын қолдану арқылы мета-талдау жүргізілді; оның ішінде синергетикалық принциптерге сәйкес ЛЖ-ны зерделеудің пәнаралық мүмкіндіктерін бағаланды. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, синергетиканың нысанасы – күрделі жүйелердегі эволюция, даму, өзгеріс. Мұндай күрделі құбылыс – жүйелердегі динамикалық үдерістердің нәтижесі. Тілге динамикалық құбылыс ретінде анықтама беру лингвистика ілімінде ертеден басталады. Алайда ғылымның синергетикалық бағыты тіл динамикасын түсіндірудің шеңберін кеңейтті. Осымен байланысты тіл синергетикасы тілдегі және оның ішкі жүйелеріндегі динамикалық үдерістерді синергетикалық қағидаларға сәйкес зерделеуді қажет етеді. Күрделі жүйелерді зерттеуге арналған ерекше әдіснамалық платформа ретінде синергетиканың қалыптасуы қарастырылды, сондай-ақ «динамика» ұғымы және оның тілге қатысты мәні талданды.

    Жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардағы қазақыландырылған ЛЖ-ның «өзгетілдік әсерге қарсы иммунитеті» анықтау, сондай-ақ фактілік материалдар жинақтау және жүйелеу мақсаттарында жалпы білім беру жүйесінің дидактикалық базасындағы білім мазмұнына (қазақ тіліндегі жаратылыстану бойынша оқулықтар) және «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілінде 100 жаңа оқулық» жобасының шеңберінде жарияланған оқу-ағарту, ғылыми аударма әдебиеттердің (философия, менеджмент және психология бойынша) мазмұнына сапалық және сандық талдау жүргізілді. Зерттеу барысында ЛЖ-ның менталды лексиконда шоғырлануының синергетикалық ерекшеліктері туралы ұсынылатын мәселе қазақ әліпбиінің латын графикасына ауысымен байланысты да өзекті екенін анықталды. Қоғамдық сананы жаңғырту мен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу жағдайында қазақыландырылған лексикалық жаңалықтардың менталды лексиконында шоғырлану үдерістерін зерттеу аса өзекті болып отыр. Осымен байланысты қазақыландырылған лексикалық жаңалықтарды ғылыми-практикалық тұрғыдан жүйелеу және қорыту Қазақстандағы тіл саясатының басым бағыттарының бірі – тілдің лексикалық қорын жетілдіруге, жаңа тілдік бірліктерді бірізділендіру мен қалыптандыруға, қазақ тілінің ұлттық корпусын табысты түрде қалыптастыруға нақты үлес қосады, сондай-ақ оқушылардың лексикалық жаңалықтарды меңгеруінің әдіснамалық негіздерін айқындау және бейіндік мектептер үшін әдістемелік жүйені әзірлеу қазақ тілін оқытудың әдіснамасын жетілдіру мен стандарттауға, қазақ тілінің қажеттілігін арттыруға ықпал етеді. Ұлт тілінің өзге тілдік әсерге қарсы басты иммунитеті – қазақыландыру. Қазақ тілінің өзге тілдік әсерге қарсы иммунитетін бағалау жалпы білім беру жүйесінің білім мазмұнындағы қазақыландырылған лексикалық жаңалықтарға талдау жасауды қажет етеді. Сондай-ақ “Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық” жобасын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс басталды. “Ұлттық аударма бюросы” құрылды, алдын ала мәліметтерге қарағанда, соңғы жылдары гуманитарлық бағыттар бойынша әлемдік ғылыми әдебиет қорынан 54 еңбек аударылып, білім беру жүйелеріне енгізілген. Аударма арқылы жасалған бай материал қазақ тілтанымының көптеген салаларының дамуы үшін маңызды.

    Синергетикалық феномен ретінде «менталды лексикон» түсінігі нақтыланды; синергетикалық принциптерге сәйкес онтогенезде және когнитивтік, психолингвистикалық аспектілерде менталды лексиконның шоғырлануы мен құрылымына тән өзіндік сипаттар зерделенді. Зерттеу барысында ЛЖ-ны синергетика тұрғысынан зерделеу және синергетикалық принциптерді қолдану «менталды лексикон» ұғымын түсіндіруді талап етеді, себебі менталды лексикон – индивид санасында лексикалық жаңалықтардың шоғырланатын орталық нүктесі екені дәлелденді. Синергетикалық принциптерді қолдану арқылы ЛЖ-ның менталды лексиконда шоғырлануының пәнаралық болжамды моделін құруға болады. Қазақ тілінің динамикасы тілдік санада, сәйкесінше менталды лексиконда ЛЖ-ның шоғырлануына ықпал ететін бірқатар факторлардың бар екендігін дәлелдейді.

    Синергетиканың әдіснамалық платформасында қазақыландырылған ЛЖ-дың менталды лексиконда шоғырлануын пәнаралық модельдеудің эмпирикалық базасын ұсыну бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Синергетиканың әдіснамалық платформасы – интегративті теориялық және эмпирикалық әдістер мен тәсілдердің, сондай-ақ пәнаралық сипаттағы әмбебап принциптердің кешені. Жобада жүзеге асырылатын ең маңызды эксперименттер зерттеудің эмпирикалық базасын құрайды. Тұтастай алғанда, бұл эксперименттер лексикалық жаңалықтардың менталды лексиконда шоғырлануының пәнаралық моделін верификациялау арқылы (шынайылығын тексеру) тіл иелерінің тілді сезінуін зерттеуге жол ашады. Эксперименттерді жүргізудің ғылыми алғышарттары анықталды; ЛЖ семантикасының рекогнициясына (тану / мойындау) тән өзіндік ерекшелікті репрезентациялау мақсатында баламалы эксперимент және прайминг әдісі бойынша эксперимент ұйымдастырылды және жүргізілді.

    Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған ауқымдық ұлттық идеологияның жүзеге асырылуымен байланысты қазақ тіл білімінің басқа да проблемаларымен қатар индивидтің менталды лексиконында лексикалық жаңалықтардың шоғырлану үдерістерін қарастыру өзекті болып отыр. Мұндай күрделі жүйені зерделеу үшін тиімді әдіснаманы, әмбебап принциптерді ғылыми ойлаудың жаңа стилі – синергетика ұсына алады. Эмпирикалық әдістердің түрлері, соның ішінде баламалы эксперимент және прайминг әдісі бойынша эксперимент, менталды лексикондағы қазақыландырылған лексикалық жаңалықтардың шоғырлануын синергетикалық модельдеудің мүмкіндіктері талданды

    Жоба нәтижесі бойынша Scopus халықаралық деректер базасында индекстелетін, 1-ші не 2-ші не 3-ші квартильдерге кіретін және (немесе) CiteScore бойынша кем дегенде 35 (отыз бес) процентиль көрсеткіші бар рецензияланатын ғылыми басылымға 1 мақала әзірлеу және жариялау бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Мақаланы әзірлеудің бастапқы сатысында анықталғандай, менталды лексикон үшін ЛЖ-ны қабылдау – онтогенезде күрделі және үздіксіз үдеріс. Менталды лексиконда неологизм туралы алынған ақпаратты интерпретациялау үнемі жүреді. Синергетикалық әдіснама бойынша бұл құбылыс менталды лексиконда жаңа сөздердің бейсызықтықтығын, тербелісін, тұрақсыздығын тудыруға ықпал етеді: а) менталды лексикондағы бейсызықтық – ЛЖ кодификациялаушы орган тарапынан ұсынылады; ЛЖ нормативтік қызметтің қадағалауында болады; алайда ЛЖ-ның менталды лексиконның ядросына ену жолы әркелкі; ә) менталды лексикондағы тербеліс / флуктуация – пайда болған ЛЖ-ны тіл иелері бірден саналы түрде қабылдамайды, осымен байланысты ЛЖ-ның менталды лексиконның ядросына ену үшін кедергілер пайда болады; б) менталды лексикондағы тұрақсыздық – ЛЖ және олардың өзгетілдік баламалары қатар қолданылады; ЛЖ-ның семантикалық айқындылығына қарамастан, өзгетілдік нұсқаның қолданыс жиілігі байқалады, осымен байланысты ЛЖ-ның менталды лексикондағы позициясы тұрақсыз.

    ЗЕРТТЕУ ТОБЫНЫҢ ҚҰРАМЫ:

    1. Алдашева Камар Сагингалиевна – философия докторы (PhD). Жобаның ғылыми жетекшісі. Scopus Author ID: https://www.scopus.com/authid/detail.uri?authorId=56674595500

    2. Алдаш Айманкүл – филология ғылымдарының докторы, профессор. Жобаның бас ғылыми қызметкері. Scopus Author ID: https://www.scopus.com/authid/detail.uri?authorId=57212463375

    3. Султаниязова Индира Сагиндиковна – философия докторы (PhD). Жобаның жетекші ғылыми қызметкері. Scopus Author ID: https://www.scopus.com/authid/detail.uri?authorId=56178765200

    4. Иманқұлова Меруерт Амантайқызы – философия докторы (PhD). Жобаның жетекші ғылыми қызметкері. Scopus Author ID: (https://www.scopus.com/authid/detail.uri?authorId=57203466344

    5. Набидуллин Айболат Сарсенбаевич – докторант. Жобаның аға ғылыми қызметкері. Scopus Author ID: https://www.scopus.com/authid/detail.uri?authorId=57212465403 

    Жарияланымдар:

    1. Алдашева К.С., Иманкулова М.А. Empirical Methods of Modeling Self-Organization of Lexical Innovations in the Mental Lexicon // Международный журнал гуманитарных и естественных наук. – №9-1 (60). – 2021. – P. 91-95.
    2. Алдашева К.С., Набидуллин А.С. Менталды лексиконның шоғырлануын және құрылымын зерттеудің пәнаралық бағыттары // «Recent Scientific Investigation» Proceedings of XXIII International Multidisciplinary Conference. – Shawnee, USA, 2021. – P. 62-68.
    3. Алдашева К.С., Иманқұлова М.А. Қазақыландырылған лексикалық жаңалықтардың өзге тілдік әсерге қарсы иммунитеті (жалпы білім беру жүйесінің білім мазмұны негізінде) // Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. Филология сериясы. – №1. – 2021. – Б. 24-32.
    4. Алдаш А. Аударма арқылы жасалған лексикалық жаңалықтар: танылуы мен нормалануның кейбір мәселелері // Актуальные научные исследования в современном мире. – 2021. – Вып. 9(77). Часть 4. – C. 67-66.
    5. Алдашева К.С., Султаниязова И.С. Тіл синергетикасы vs. тіл динамикасы // Актуальные научные исследования в современном мире. – 2021. – Вып. 5 (73). Часть 8. – C. 94-100.

     

    Біздің мекенжай

    Қазақстан Республикасы, Орал қ., Н.Назарбаев даңғылы 162,

    тел/факс: +7 (7112) 51 26 32, +7 (7112) 51 42 66,  Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған. Көру үшін сіздің браузеріңізде JavaScript қосулы тұруы тиіс.

    Байланыста болыңыз