М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерінің абырой кодексі
Преамбула
Біз, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері, жалпы танылған адамгершілік құндылықтарға сүйене отырып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің миссиясын алдыңғы кезекке қоя отырып, жалпы және іскерлік этика ережелерін сақтауды өз міндетіміз деп санаймыз.Осылайша тұлғалық және кәсіби деңгейімізді дамыта отырып, белсенді өмірлік көзқарасын қалыптастыру және білім алу үшін қажетті жағдайлар туғызу мақсатында университеттің өсіп өркендеуіне үлес қоса отырып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерінің абырой Кодексін қабылдаймыз.
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы Кодекс, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенттері тәртібінің эстетикалық нормаларын анықтайды.
1.2. М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттерінің басты миссиясы:
- сұранысқа ие маман болу;
- республикамыздың мәдени, қоғамдық, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысу болып табылады.
1.3. Студент университеттің мәртебесін сақтауға және көтеруге міндетті.
2. Университет студенттерінің этикалық нормалары және тәртіп ережелері
2.1. Өзара сыйластық. Студент профессорлық – оқытушылық құрамға, қызметкерлерге, басқа студенттерге деген өзара әдептілікті және сыйластықты сақтауы тиіс.
2.2. Адалдық. Оқу үрдісінің тәртібін бұлжытпай сақтауға міндетті. Оқу сабақтарына қатысып, оқу жоспары мен білім беру бағдарламасында қарастырылған тапсырмалардың барлық түрлерін белгіленген мерзімде орындауға міндетті. Студент оқуда жоғары деңгейге жету үшін өзіне қатысты барлық мүмкіндікті жасауы тиіс.
2.3. Тәртіптілік. Студент таза киініп, тәртіпті болуға міндетті. Оқу ғимаратында сырт киіммен жүруге тыйым салынады. Университет студенттеріне басқаның мүлкін ұрлауға, университетте мас күйінде жүруге, спирттік ішімдіктерді қолдануға, ғимаратта не ғимаратқа кіре берісте шылым шегуге жол берілмейді. Оқу ғимараттарында оқу үрдісіне кесел келтіретін қатты әңгімелесу, шу және басқа әрекеттерге тыйым салынады. Оқу сабақтары арасындағы үзілісте студенттер арнайы бөлінген орындарда ғана (скверлерде, холдарда және т.б.) дем алуы тиіс. Сабақ үстінде, кітапханада ұялы телефонмен сөйлесу, сағыз шайнау, интимдік сезімдерін көпшілік алдында ашық көрсету этикалық нормаға сай келмейді.
2.4. Тиянақтылық. Студенттерге сабақ басталғаннан кейін үзіліс болғанша, дәрісханаға кіруге рұқсат етілмейді. Сабақ үстінде дәрісханадан кіріп-шығып жүруге жол берілмейді.
2.5. Белсенділік. Студент университеттің оқу, қоғамдық, спорттық өміріне белсене араласуы тиіс.
2.6. Ұқыптылық. Материалдық меншікке ұқыпты және тиянақты қарауға: университет ғимараттарына, оқу ғимараты зертханаларын, жатақханаларын, жиһаздары мен басқа да құралдарын бүлдірмеу, үстелдер мен басқа жерлерге жазбау. Студент университеттің кітапхана қорына ұқыпты қарауы тиіс.
2.7. Жауапкершілік. Университет жарғысына сәйкес студенттердің белгіленген құқықтары мен міндеттері бар, осы Кодекстің тәртіп ережесін сақтау үшін жеке жауапкершілік жүктеледі.
3. Студенттердің университет басшылығы және оқытушылармен қарым-қатынасы
3.1. Студент белгіленген тәртіп бойынша оқу және қоғамдық мәселесі бойынша басшылыққа жолыға алады.
3.2. Әдеп ережесін сақтау, студент шынайылығымен, әдептілігімен сенімге ие болады.
4. Университет студенттерінің арасындағы өзара қатынас
4.1. Университет студенттерінің арасындағы қатынас сенім, өзара қатынас, ынтымақтастық, түсінушілік және өзара көмекке негізделеді.
4.2. Студент басқа студенттермен қатынаста кішіпейіл және әдепті болуы қажет, студенттердің өзара әңгімелесуінде басқа студенттердің кәсіби немесе адами қасиеттерін көпшілік алдында сынға алуына жол берілмейді.
5. Қорытынды
5.1. Оқу түріне қарамастан университеттің барлық студенттері осы Кодекс ережелерін қолдану мен сақтауға міндетті. Бұл республикамыздың мәдени, қоғамдық, экономикалық және саяси өміріне лайықты үлес қоса алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
5.2. Жеке жауапкершілік қағидасына сәйкес университет басшылығы осы Кодекстің нормасын бұзған студентке қатысты келесі жазаларды қолдануға құқылы:
1) ескертпе;
2) ескерту;
3) сөгіс;
4) жеке ісіне тіркелетін қатаң сөгіс жариялау;
5) университеттен шығару.
(Берілген құжат 2006 жылдың 5 қазанында бекітілген)